Қарағандыда нан өнімдері фестивалі өтті

16 Қазан 2019, 21:45
2823
Бөлісу:
Қарағандыда нан өнімдері фестивалі өтті

Халықаралық нан күні жыл сайын 16 қазанда ғаламшардың әр бұрышында тойланады. Қарағандылықтар да мерекені атап өтті, деп хабарлады karaganda-region.gov.kz. 

Шараның мақсаты – дастарханның бас тағамына құрмет және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне назар аудару. Қарағанды Медицина университетінің студенттері Нан фестивалін өткізді. Олар түрлі ұлттардың нан өнімдері қойылған үлкен дастархан жайды. Мұнда өзбек және түрік шелпектері, неміс бәліштері, орыс ватрушкалары, үнді шапаталары болды.

Дастарханның ортасында қазақ ұлттық нан өнімдері қойылды. Фестиваль ұйымдастырушылары Қарағанды облысы еліміздің астық қорына өз үлесін қосқанын айтты.

"Біз әр түрлі халықтардың аспаздық дәстүрлерін көрсетіп қана қоймай, диқаншылардың еңбегі мен дастарханымыздың басты өнімдерінің біріне ұқыптылықпен қарауымызға көңіл бөлгіміз келеді. Біздің көптеген студенттер - ауыл аймақтардан келген жастар. Оларға бидай өсіру және нан пісірудің зор еңбек екені белгілі", - деді Медицина университетінің жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Айгүл Оңғарбаева.

Шара соңында аспаз студенттер марапатталды. Қатысушылардың пісірген өнімдер жиналған қауымға таратып берілді, фестивальге келген көрермендер әр түрлі нан өнімдерінен дәм татып көрді.

Дүниежүзілік нан күні (World Bread Day) 2006 жылы Халықаралық наубайханалар одағының бастамасымен құрылған. Бұл күнді таңдау 1945 жылдың 16 қазанында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының құрылуымен байланысты. Дүниежүзілік нан күні – бұл осы сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Сонымен қатар Дүниежүзілік азық-түлік күні атап өтіледі.



Өзгелердің жаңалығы