Қарағандыда ата-әжелерге арналған орталық ашылды

21 Наурыз 2021, 22:04
1828
Бөлісу:
Қарағандыда ата-әжелерге арналған орталық ашылды
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының Майқұдығында қариялар мен жастарға, салауатты өмір салтын ұстанушыларға арналған орталық ашылды. «Мизам шуақ» аталатын орталықтың негізін қалаушы қарағандылық журналист Айсұлтан Жақыпов. 

«Мизам шуақтың» ашылуына бара алмасақ та арнайы ат басын тіреп, орталықтың жұмысымен танысып, Айсұлтанмен тілдесіп қайтқан едік.

Екі бөлмелі орталық қариялардың ғана емес жастардың да бос уақытын тиімді өткізуіне арналып жабдықталған екен. «Мизам шуақта» зейнет жасындағы аталар мен әжелер шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы сияқты үстел ойындарын ойнап, спортпен айналысып, газет-журнал оқуына, тіпті шүйіркелесіп шай ішуіне де жағдай жасалған. Орталықтың негізін қалаушы Айсұлтанның айтуынша, бүгінде жастарға көп көңіл бөлініп, ата буынды ұмытып бара жатқандаймыз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында шағын орталық ашу идеясы туындаған.


Орныққан үлкендердің балалары жұмыста, кешке шаршап кеп, әке-шешемен әңгімелесуге зауқысы болмайды көйбірінің. Немерелері мектепке өзі барып, келе алады. Кішілерін балабақшадан үлкендері алып қайтатын жаста дегендей. Ал, уақыт зырлап жатыр. Үлкендердің араласатын ортасы азая бастады. Осы олқылықтың орнын толтырғым келді, - дейді ол.

Айсұлтанның сөзінің жаны бар. Қалада аттап аяқ бассаңыз жастар баратын донер, караоке сияқты түрлі ойын-сауық орталықтары мен дәмханалар, коворкинг орталықтары жеткілікті. Осыдан екі жыл бұрын қаланың Оңтүстік-шығысында орналасқан Достық үйінде қарияларға арналған «Белсенді өмір орталығы» ашылған болатын. Алайда, ол жер майқұдықтық қарияларға қашықтау. Ал, Айсұлтанның ашқан орталығы қазақилығы басым Майқұдық тұрғындары үшін ыңғайлы жерде орналасқан.

Майқұдық деген жеріңіз Егіндібұлақ, Қарқаралы, Жаңаарқа, Ақтоғай сынды қазақы аудандардан көшіп келген ауыл қазақтарының мекені. Бұл орталық ата-әжелердің бас қосып, әңгіме жіберетін, үстел ойындарын ойнайтын жер. Жақын уақыттары теледидар қоямын. Экраннан бұрынғы фильмдер мен әндерді, ата-ана мен бала қарым-қатынасы жайлы киноларды көрсетуді, сол бойынша пікірталас ұйымдастыруды жоспарлаймын, - дейді Айсұлтан.

Орталықтың бір залы салауатты өмір салтын ұстанушыларға арналып жабдықталған екен. Мұнда үстел теннисі, жүгіру тренажеры, велотренажер, скандинав жүрісіне арналған Gum stepper қойылған. Йогамен айналысам деушілерге арнайы бұрыш бар. Мұнда арақ-шарап ішуге, шылым шегуге тыйым салынған.


Өзгелердің жаңалығы