Бас жаңалықтар
Қарағанды облысында жыл басынан бері алты жаңа кәсіпорын ашылды
15 Қазан 2021, 09:10 145

Қарағанды облысында жыл басынан бері алты жаңа кәсіпорын ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері өңірде алты жаңа кәсіпорын ашылды. 1 200-ге жуық адам тұрақты жұмыс пен жалақы алды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылдың соңына дейін облыста тағы сегіз инвестициялық жоба пайда болады. 700-ге жуық жұмыс орны ашылады. Мамандар металлургияда, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында қажет болады.

«Сарыарка», АЭА аумағында жұмыс істейтін зауыттардың бірінде екі жыл ішінде қызметкерлер саны қалай өзгергені туралы айтылды. Зауыт тау-кен өндірісі диірмендеріне арналған резинометалл футеровкалар шығарады. Бұрын бұл бөлшектер шетелден сатып алынатын. Зауытты дамыту кезеңінде 20 жұмыс орны құрылды, қазір 40 адам жұмыспен қамтылған. Бас директордың айтуынша, келесі жылы жұмыс орындарының саны екі есе артып, 80-ге дейін ұлғайтылмақ.


Біздің клиенттеріміз – ірі тау-кен компаниялары. Ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етеміз және 2022 жылы экспортқа шығуды жоспарлап отырмыз. Алғашқы жеткізілім Болгарияға жіберіледі. Ресеймен және Моңғолиямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, - дейді «Polymet Solutions Corporation» ЖШС бас директоры Қуандық Қазанғапов.


Мен мұнда жалақымызды уақтылы төлемейтін басқа зауыттан ауысып келдім. Мұнда бәрі тұрақты, жағдай жақсы. Машиналар заманауи. Біз жаңа жабдықта жұмыс істеу үшін үнемі оқудан өтеміз, – деп бөлісті газбен кесуші Оңжасар Ахмедиев.

Жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болды. Компанияның несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланады, сондай-ақ «Даму» қоры жетіспейтін кепіл сомасына кепілдік берді.


Облыста «Еңбек» бағдарламасы бойынша 9 айда барлығы 32,6 мың адам жұмыспен қамтылды. Бизнес-идеяларға 922 грант берілді. «Бастау Бизнес» жобасының түлектері 664 шағын несие алды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 8 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды – бұл әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Төлеу.
Статистика бойынша, облыста бір грант алушы орта есеппен 2-3 жұмыс орнын құрады. Гранттардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға берілді.

Сонымен қатар жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қысқа мерзімді курстарда сұранысқа ие мамандықтарға оқытады. Түлектердің жұмысқа орналасуы 80%-дан асады.


Фото: дереккөз
Загрузка...