Қарағанды облысында израильдік технология бойынша жем-шөп өндіру жоспарланып отыр

21 Сәуір 2021, 10:41
1372
Бөлісу:
Қарағанды облысында израильдік технология бойынша жем-шөп өндіру жоспарланып отыр

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. Қарағанды облысында «Сарыарқа» АЭА-да жаңа зауыт салу жоспарлануда. Израильдік инвесторлардың қатысуымен Virgin Soil Kz компаниясы балық, құс және мал азығын өндіру жобасын жүзеге асырады.

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Технологияның ерекшеліктері туралы компания құрылтайшысы Андрей Найман облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесуде айтып берді.
Біздің өндіріс гидропониялық агрономия саласындағы израильдік және халықаралық ғалымдардың көпжылдық зерттеулеріне негізделген. Өнімдер экологиялық таза болады. Жасыл жемді өсіру үшін өздігінен жасалған көп деңгейлі гидропоникалық қондырғылар қолданылады. Азық әр түрлі болады – балық, құс және мал үшін. Бұл бірегей коктейльдер, онда көптеген ингредиент бар: жарма, бұршақ және басқа да дақылдар. Олардың құрамында микроэлементтердің тұтас кешені бар, – деп түсіндірді бизнесмен.

Бес қабатты ғимаратта жасыл түйіршікті жем өндіретін көп деңгейлі кешендер – гидропоникасы бар тік жүйектер орналасады деп болжанады.

Андрей Найманның айтуынша, технология бірегей, Қазақстанда өндірістің баламасы жоқ. Компания Әзірбайжанда осындай зауыт салуда.

Жоба бастамашыларының мәліметтері бойынша, инвестициялар 27 млрд теңгені құрайды, мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Қуаттылығы күніне 1 000 тоннаға дейін жем өндіруге мүмкіндік береді деп жоспарлануда.

Бұл жобаға АЭА мамандануына өзгерістер енгізілді. Жақын арада Virgin Soil Kz компаниясы аймақ қатысушыларының тізімін толықтырады. Зауыт құрылысына арналған жер телімі анықталды.

Біз үлкен қолдау алдық. Қарағанды облысында инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Барлық мәселелер жедел шешілуде. Жақын арада жерді рәсімдей аламыз. Жобалаудан кейін жер жұмыстарын бастаймыз. Құрылысқа осы жылы кірісуге дайынбыз. Ең бастысы – АЭА аумағында барлық қажетті коммуникациялар, темір жолға тікелей қолжетімділік бар, – деп атап өтті Андрей Найман.
Өзгелердің жаңалығы