Қарағанды облысында 127 білім беру мекемесі жөнделеді

8 Маусым 2021, 15:43
1896
Бөлісу:
Қарағанды облысында 127 білім беру мекемесі жөнделеді
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Аймақта білім беру мекемелерін жөндеу жұмыстары басталды. Облыстағы 127 білім нысанын жөндеу үшін бюджеттен 4 млрд 615 млн теңге қаржы бөлінген. 9 мектепке күрделі жөндеу жасалады.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, биыл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында өңірдегі тоғыз мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Одан өзге 127 білім беру нысаны да жөндеуден өтеді. Аймақтағы апатты мектептер мен үш ауысымда білім беретін білім нысандарының мәселесін шешу бойынша да жұмыстар жалғасын табуда.

Қарағанды облысында 127 білім беру мекемесі жөнделеді

Аймақтағы білім нысандарындағы басты мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Биыл білім нысандарындағы жөндеу жұмыстарымен қатар, апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында екі білім нысаны салынып жатыр. Оның бірі Шет ауданының Киікті елді мекенінде, екіншісі Жезқазғанға жақын жердегі Теректі стансасында. Жыл соңына дейін оларды пайдалануға беру көзделіп отыр. Сондай-ақ үш ауысымды мектептердегі жүктемені жеңілдету үшін екі мектептің құрылысы жүргізілуде. №81 жалпы білім беретін мектепті жеңілдету мақсатында №104 мектеп салынды. Қазір 11а ықшам ауданында 600 орындық мектеп салынып жатыр. Нысанның құрылысы аяқталғанда №34 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, - дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 1200 орындық мектеп салу жоспарлануда.

Қарағанды облысында 127 білім беру мекемесі жөнделеді

Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында білім ордаларын салуға көп көңіл бөлуде. Біз де осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. 1200 орындық жаңа мектеп қаланың Оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы мектептердегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Күнгей шағын ауданында 600 орындық білім ордасының құрылысына өтінім бердік, - деп атап өтті Қожахметова.

Өзгелердің жаңалығы