Қарабаев автосалондарда көлікке неге сұраныс көп болып жатқанын түсіндірді

24 Маусым 2021, 10:50
5556
Бөлісу:
Қарабаев автосалондарда көлікке неге сұраныс көп болып жатқанын түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Желмая» жобасында ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Марат Қарабаев айтты. 

Қазақстанда көлік өндіру саласы енді ғана басталды. Ресейдің өзінде көлік өндіру саласы 100 жыл бұрын, Германияда 120 жыл бұрын, Кореяда 70 жыл бұрын басталды. Осы елдермен Қазақстанды теңестіреді. Мүмкін, сәтсіз жобалар да болған шығар. Отандық нарықта кәсіпорындар Hyundai, Chevrolet, Kia өндіріп жатыр. Әлемдік брендтер осында келіп, өндірісі ұйымдастырылды, - деді ол.

Қарабаев былтыр отандық нарықта 77 мың көлік өндірілгенін айтты.

 

Нарықта 93 мың көлік сатылды. Оның 3/2 отандық өнім. Олардың барлығы сәтті жоба деп ойлаймын. 10 жылдың ішінде біз нарықты түсіндік. Жаппай брендтердің қандай екенін білдік. 10 жылда біліктілік алып, мамандарды үйреттік. Базалық көлік жасау үшін білім жинадық. Алдағы 10 жылда локализациялық ірі жобаларға өту тұр, - деді ол.

Оның айтуынша, былтыр отандық 8 мың көлік экспортқа шығарылды. 

Ресей мен Өзбекстанға жібердік. Сұранысқа ие болмаса, ондай көлік шығарылмайтын еді. Қазақстанда өндірілген әрбір 10-шы көлік экспортқа шықты. Сапасы не бағасы жағынан көліктер бәсекеге қабілетті болмағанда, экспортқа шықпайтын еді, - деді Марат Қарабаев.

Сондай-ақ қазір автосалондарда көліктерге сұраныс неге көп екенін түсіндірді. 

Бұл - мемлекеттің жүргізген саясатының әсері. Көп сұраныс жеңілдетілген несиенің нәтижесінде болып отыр. Ол несиенің өзі тапшы болып отыр. Себебі халықтың сұранысы өте көп. Жаппай сұранысқа ие модель бойынша бізде баға Ресейдікімен бірдей. Кейбір көліктер Ресейде арзандау болса, сұраныс көбірек болуы мүмкін. Оларда сұраныс көп болып, санын көбейткендіктен, бағасын төмендете алады. Сондықтан осылай болып отыр, - деді ол.

Бұған дейін Марат Қарабаев КАМАЗ 25 жыл бойы Қазақстанда өндірілген қозғалтқышты ғана қолданатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы