Бас жаңалықтар
2020 жылы АҚШ президенті кім болады және капитализмнің күші неде: ЕМФ-ның қорытынды күні не талқыланды?
24 Мамыр 2019, 17:03 714

2020 жылы АҚШ президенті кім болады және капитализмнің күші неде: ЕМФ-ның қорытынды күні не талқыланды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуразиялық медиа форумының қорытынды күні ұлтжандылықтың ғаламдық трендтері мен әлемдегі алпауыт елдердің сыртқы саясаты төңірегіндегі қызу пікірталқымен басталды. Басқосу барысында АҚШ-та өтетін алдағы сайлауға қатысты болжам да жасалды. 

Халықаралық, аймақтық деңгейдегі қордаланған мәселелердің мәні мен мазмұнына үңіліп, себебі мен салдарын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды пікір алмасу алаңында үш күннен бері түрлі тақырыптарға арналған мәжілістер өтуде. Үшінші күннің бірінші пікірталқысы «Сенімнің жоғалуы. Ғаламдық күш теңгерімі» тақырыбы төңірегінде өрбіді. 

Модератор – CGTN телеарнасындағы «The Agenda» жүргізушісі және атқарушы директор, Стивен Коул (Ұлыбритания). Қазіргі әлемдік жүйеде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас көпке дейін мынадай жайттармен реттеліп келді: күш қолданбау, дау-дамайды бейбіт түрде шешу, мемлекеттік шекараның берік болуы, территориялық тұтастық және тағы басқалар. Бұлардың әлемдік тәртіптегі саяси кеңістікте белгілі бір ойын ережелерін қалыптастыратынына тоқталған модератор ХХІ ғасырдың басындағы халықаралық қатынастар үлгісінің құлдырағанын айтты. Осы орайда, Стивен Коул мәжіліс спикерлерінен мемлекетаралық қарым-қатынас орнатудың қандай жаңа тәсілдерін, тәртібі мен ережелерін қалыптастыруға болатынын сұрады. 

Дональд Трамп сайлау штабының басшысы Стив Бэннон (АҚШ) дүниежүзілік революция жүріп жатқанын айтты, әрі барлық мемлекеттер басшыларының бұл шындықты қабылдайтын уақыты жетті дейді. 

«Өкінішке қарай, жұмыс тобының революциясы орын алуда. Бүгінге дейін өндірістік мемлекетте өмір сүріп келген тұрғындар тәуелсізденуде», - деді Ақ үйдің аға кеңесшісі және бас стратегі (2016-2017) Стив Бэннон. 

Саяси кеңесші: «Либерал демократия мен бұқараға қарсы экономикалық соғыстың қалай өркен алуына куәміз. Мұның басында коммунистік Қытай партиясы, халықаралық корпорациялар, Франкфкурт пен Лондон сауда нарығы тұр. Бұл мәселе шешімін табуы керек» деді. Ал оның шешімі ретінде «Дұрыс құрылған капитализм - болашаққа бағдар, жаңғырудың негізі» деген ойын білдірді. 

 «2020 жылғы АҚШ сайлауында билікке ұмтылғандардың қызу бәсекесіне куә боламыз, өз басым Трамптың жеңісіне сенемін», - деді саясаткер. 

Саяси қайраткер Джордж Гэллоуэй (Ұлыбритания) жұмысшы таптың барлық өкілі үшін нәсіл мен діннің соншалықты мәні болмағанынан, олардың билікке деген сенімі сейілгенін айтады. Сәйкесінше, «дау-дамайдың еңбек шартының проблемасын шешуге біріккен белгілі бір топтың тарапынан болуы заңды» дейді журналист. 

Саясаткер 26 мамыр күні өтетін ЕО мемлекеттерінің көбінде Еуропарламент сайлауы өтетінін еске салды. 

«Элитаның дәурені бітті, бұған осы жексенбінің кешінде куә боласыз», - деп атап өтті саясаткер. 

Демократиялық партия Ұлттық комитетінің бұрынғы атқарушы директоры және президент көмекшісінің орынбасары (1973-1977) Марк Сигел (АҚШ) өз кезегінде Қытайтың экономикалық және саяси тұрғыда ұлы держава болуға ұмтылысының орасан екенін айтты. 

«Қазіргі таңда экономикасы жөнінен екінші орынға табан тіреген Қытай алдағы уақытта бұл әлемдік көрсеткіште бірінші болатыны анық», - деген сенімін білдірді сарапшы. 

Нью-Йорк университетінің Халықаралық істері жөніндегі орталық директоры Марк Сигел «АҚШ соғысуға, жаңа ядролық жобасына 2 трлн долларын шығындап жатқанда, Қытай жаһандануға бет бұрды» деді. 

Бұл орайда, ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман (Ресей) Ресей-Қытай арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері бар екенін атап өтті. 

«Бұл – сауда қатынасымен шектелмейтін, ауқымы кең стратегиялық серіктестік», - деді журналист. 

Еуроодақтың сыртқы байланыс және еуропалық көршілік саясаты жөніндегі экс-комиссары (2004-2009) екінші референдум болады дегенге, сондай-ақ Ұлыбританияның ЕО құрамына қайта кіру мүмкіндігінің туатына сенетінін айтты. 

«Дүниежүзінде халықаралық құқыққа негізделген тәртіптің күш-қуаты жойылып, керісінше «джунгли заңының» басты күшке айналу қаупі бар»,-  деді Euroamerica қорының президенті Бенита Ферреро-Вальднер (Австрия).

Саяси тәуекелдер бойынша талдаушы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Джеремиас Кеттнер (Германия) бізге эмпатия жетіңкіремейді. Бұл білім жүйесінің үлкен ықпалынан болса керек деген тұжырым айтты. 

«Бүгінгі заманның бізге жүктеп отырған міндеті біздегі түсінік таптаурынын бұзып қана қоймай, келер ұрпақты еркіндікке бейімдеу», - деді ол. 

Қазіргі жаһандану үндеуін барша ғалам тұрғындарының бірігуімен байланыстыратын Kettner Advisory негізін қалаушы маман да өз пікірін білдірді.

«Біз жан-жақты дамыған әлемде өмір сүреміз, ендігі мақсат - бір мүдде аясына бірігу. Ғаламдық жылыну сынды ауқымды мәселелер барша адамзатқа ортақ, ал кемедегінің жаны бір. Өзекті мәселелердің күрделілігі соншалық, бірлі-екілі мемлекетттің оны шешіге қауқары жетпейді», - деді ол. 

 «Айкакан жаманак» газетінің бас редакторы Анна Акопян (Армения) әлемдік тепе-теңдікті ұстап тұру үшін сенім қажеттігін айтты. 

«Біздің әлем жалпы күдік атаулысымен күресуде. Мысалы, АҚШ пен Иран немесе АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы арасында кішкене болсын сенім болса, оның осы екі мемлекеттің халқына да, басқаға да тиімді болатыны анық. Көптеген қақтығыс та туындамас еді», - деді қоғам қайраткері. 

Ал қазіргі күрделі кезеңде барлық әлем халықтарын ұлтжанды болуға шақырды: «Ұлтжандылық зұлмат заманда Арменияның ұлы қорғаны бола алды. Халық осы игі қасиетінен ажырап қалмауы қажет». 

 XVI Еуразиялық медиа форумы 22-24 мамыр аралығында Алматыдағы TheRitz-CarltonAlmaty алаңында өтіп жатқанын еске саламыз. 

«Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы?» тақырыбына арналған халықаралық шара шеңберінде әлемдік және аймақтық деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер ортақ талқыға түспек. Атап айтсақ, дағдарыс үдерісі, тығырыққа тірелген тұтынушы «күйзелісі», медиа саланың цифрлануы, халықаралық құқық және сын-қатерлер, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектің кеңінен таралу тегеуріні турасында салмақты, ойлы пікірталқы өтеді. 

Орта Азиядағы негізгі әрі тәуелсіз пікір алмасу платформасы болып саналатын ЕМФ басты міндеті – саясаткерлер, журналистер және Қазақстандағы, Еуразиядағы және халықаралық қоғамдастықтағы геосаясат, экономика, әлеумет пен мәдениетті дамытуға мүдделі әртүрлі сала сарапшыларының еркін әрі ашық диалог құруына жағдай жасау. 

 XVI Еуразиялық медиа форумының бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...