Бас жаңалықтар
Кандидаттар теледебатта сайлауалды бағдарламаларын таныстырды
29 Мамыр 2019, 19:25 1048

Кандидаттар теледебатта сайлауалды бағдарламаларын таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Хабар» арнасында кезектен тыс Президент сайлауына түсетін кандидаттар арасында тікелей эфирде теледебат өтті. Үміткерлер теледебатта сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. 

Жеребе бойынша алғаш болып, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев сөз алды.

«Біздің кандидат нақты экономикалық бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама барша қазақстандықтардың жағдайын жақсартып, елдің экономикалық өсімін арттыруға арналған. Бағдарламада аталып өткендей, алдағы уақытта отандық бизнеске және отандық өнімдерді арттыруға ден қойылады. Ауыл шаруашылығының серпінін дамытып, инфрақұрылымды жақсартуға көңіл бөлінеді. ҚР президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталады. Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының стратегиялық мақсаттарын әрі қарай жалғастырады», - дейді Мәулен Әшімбаев. 

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбековтың сенімді өкілі Әли Бектаев көршілес Қытай және Ресей мемлекеттерінің өзіне қара малдың етін 5 млрд-тан астам теңгеге шығаруға болатынын айтты. 

«Біріншіден ауыл шаруашылығы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі. Өзінің халқын азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырған мемлекет қана мықты болып есептеледі. Мұнай мен газдың, жерасты байлықтарының таусылатын, таусылмаса үнемдеуді қажет ететін уақыттар келеді. Бірақ халықтың азық-түлік өндірісі әр уақытта да дамитын болады», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығының басты артықшылығы ретінде оның ел экономикасының драйвері бола алатындығын атады.

«Агроөндіріс кешенін дамыту азық-түлік, химия және жеңіл өндіріс, машина құрастыру индустриясының дамуына тиімді әсер етеді. Аграрлық саланың өзінде де үлкен қор жинақталған. Қазіргі таңда ауылшаруашылық өнімінің 29%-ы импортталуда. Сондай-ақ, құс етінің 51%-ы импортталып жатыр. Ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті жорғары. Көршілес Қытай және Ресей мемлекеттерінің өзіне қара малдың етін 5 млрд-тан астам теңгеге шығаруға болады. Бұл астық экспортынан да жоғары», - дейді партия төрағасы.

Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков Президенттік сайлауда жеңіске жетіп жатса, «Қазақстанның қаражатын жымқырып, қашып кеткен олигархтарды елге қайтарамын» деп уәде берді. 

«Менің сайлауалды бағдарламамда «Қазақстанның қаражатын жымқырып, қашып кеткен олигархтарды елге әкелуге, жұмыссыздықты жоюға, халықаралық экономикалық байланыстарға маңыз беріледі. Елімізде материалдық айырмашылық қатты байқалады. Егер президент болсам, осы мәселені шешіп, елдің жағдайын жақсартуға барымды саламын», - дейді Жамбыл Ахметбеков. 

Ал «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен қатысып жатқан Сәдібек Түгел теледебатқа шапанмен келген. Ол өз бағдарламасында жемқорлықты жоюға баса маңыз берілетінін айтты.

«Мұнай-газдан түскен пайда әрбір қазақстандыққа бөлініп берілуі тиіс. Сондай-ақ, қазақ жастарының жағдайына маңыз беру керек. Жұмыссыздық мәселесі реттелуі тиіс», - дейді Сәдібек Түгел.

«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан сайлауға түсіп жатқан Әміржан Қосанов елімізде нарықтық экономиканың екі басты сырқаты бар екенін айтты. 

«Әр адам үкіметтің құрғақ есебіне емес, тоңазытқышында не бар, ондағы азық-түліктің бағасы қалай өсіп бара жатыр, соған қарап билікті бағалайды. Әрине, бізде нарықтық экономиканың екі басты сырқаты бар. Ол – монополизм және олигархизм. Әділ бәсекелестік төмендеді, мұнай бағасына телініп қалдық. Қолжетімді несиелердің жоқтығы, салық пен басқа да төлемдердің көптігі шағын және орта бизнеске кедергі болып отыр», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол бизнестің аяғын тұсап отырған жемқорлықты жоюдың төрт жолын атады.

«Бұл билік тармақтарының тепе-теңдігі, көппартиялы парламент, еркін баспасөз және әкім қараларға бағынбайтын тәуелсіз сот. Менің бағдарламамда халықтық экономика туралы айтылған. Экономика аттөбеліндей алпауыттардың емес, халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Экономикалық саясатты халық өзі тікелей қалыптастыратын механизм жасалу керек. Ол үшін менің бағдарламамда айтылғандай, парламенттік сайлауға түскен партиялар әлеуметтік-экономикалық тұғырнамасын ел алдында қорғап шығуы керек. Қай партияны, қай экономикалық шешімді қалайды, оны халық өзі шешуі керек. Тек сондай халықтық экономика Қазақстанның әрбір азаматына өз елінде өгей баладай күн кешпей, лайықты білім алып, жұмыс тауып, өзінің әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Әміржан Қосанов.

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан қатысып жатқан Дания Еспаеваның сенімді өкілі Азат Перуашев ең алғашқы талап - адал бәсекелестікті қалыптастыру екенін атап өтті.

«Ұлттық компаниялардан басымдықты алып тастап, жеке кәсіпорындарға қолдау көрсету керек. «Ақ жол» партиясы отандық кәсіпорындарды қолдауды көздеуде. «Алаш» қайраткерлері айтқандай, «жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы байлық - әр қазақтың пайдасына жарауы керек», - дейді Перуашев. 

«ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов бизнестің дамуында мемлекеттің араласуын азайту, ауыл шаруашылығымен айналаысуға ынталы азаматтарға алғашқы бес жылда салық салмау, жастарды жатақханамен қамту мәселесін көтерді.

Айта кетейік, Президент сайлауына 7 кандидат түсіп жатыр. Олар: «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәдібек Түгел, Nur Otan партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбеков, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...