Қалыпты өмір сүргіміз келсе, бәрі вакцинациялануы керек – дәрігер

5 Тамыз 2021, 14:38
7900
Бөлісу:
Қалыпты өмір сүргіміз келсе, бәрі вакцинациялануы керек – дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы эпидемиологиялық жағдай әлі де алаңдаушылық тудырып отыр. Медицина қызметкерлері азаматтардың өмірін құтқарып, ерліктің үлгісін көрсеткені әлі де есімізде. 

Бүгінгі таңда адамзат заманауи денсаулық сақтаудың тиімді профилактикалық модельдерінің бірі — жаппай вакцинациялауды қолданады. 

Осыған орай №1 ЖП11 ЖПД бөлімінің меңгерушісі Айдана Айязбек екпенің маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Пандемияның алғашқы кезінде əлемдік қоғамның қандай вирусқа тап болғаны жəне оған қалай қарсы тұратыны туралы түсінік болмады. Бірақ дәрігерлер барып көмек көрсету олардың міндеті екенін білді. Олар басқаларға қарағанда өздеріне қандай қауіп төніп тұрғанын түсінді, соған қарамастан өз міндеттерінен бас тартпады. Қазір көмекке вакцинация келді, бірақ қазақстандықтар коронавирусқа қарсы екпеге немқұрайлы қарайды. Біреудің препараттарға деген сенімсіздігі бар, біреу асқынулардан қорқады, енді бірі тіпті «чиптен» қорқады. Коронавирусқа қарсы екпе бүгінде пандемияны жеңудің және жаңасының пайда болуына жол бермеудің ең перспективті құралы ретінде қарастырылады. Оның ауырғандар мен өлім деңгейін төмендету үшін маңызы зор, - деп атап өтті Айдана Айязбек.

Дәрігердің айтуынша, екпелер ауруды емдемейді, оның дамуының алдын алады.

Екпе ағзаны белгілі бір инфекцияның қоздырғышымен — нақты бір вируспен немесе бактериямен күресуге дайындайды. Олардың құрамында ауруды тудыратын белсенді емес (өлтірілген) немесе әлсіреген микроорганизмдер болмаса, олардың бөліктері бар. Бұл біздің иммундық жүйемізді жаңа ауруды тануға, екіншіден, онымен күресуді үйрену үшін антиденелер шығаруға мәжбүр етеді.

Сіз екпенің өзінен ауырмайсыз, бірақ оған кейбір адамның ағзасы реакция береді, мысалы, инъекция орнында ауырсыну немесе ісіну және аздап дене қызуы болуы мүмкін. Өндірілген антиденелер коронавирустық инфекциядан қорғаныс ретінде қызмет етеді. Яғни, сіз осы ауруға қарсы иммунитетке ие боласыз. Сондықтан екпелер әртүрлі аурулармен күресудің мықты әдісі болып саналады. Олар ауруды емдемейді, оның дамуына жол бермейді, - деді дәрігер.

Сондай-ақ спикер COVID-19 вакциналары қысқа мерзімде шығарылғандықтан, қауіпсіз емес деген қате түсініктердің біріне түсініктеме берді.

Мұндай пікір шындыққа жанаспайды. COVID-19 екпелері салыстырмалы түрде қысқа мерзімде жасалғанына қарамастан, олардың өндірісі бұрын-соңды болмаған халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың, үлкен қаржылық және адами ресурстардың нәтижесінде іске асты. Матрицалық РНҚ немесе аденовирусты қолдана отырып, мұндай вакциналарды өндіру технологиялары ондаған жылдар бұрын пайда болды - қатерлі ісік, СПИД және басқа да жұқпалы ауруларды емдеу бойынша зерттеулер жүргізілді. Сонымен қатар COVID-19 вакциналарын өндіру кезінде жалпы қабылданған ережелерге, стандарттарға және этикалық өлшемдерге сәйкес барлық қажетті зертханалық және клиникалық сынақ, оның ішінде ондаған мың еріктілерде жүргізілді. Адамзат қауіп төніп тұрғындықтан, бұл екпелерді реттеуші органдар тез арада мақұлдады. Бізде қазір басқа таңдау жоқ. Егер қалыпты өмір сүргіміз келсе, бәрі вакцинациялануы керек, - деді дәрігер қала тұрғындарына.

Өзгелердің жаңалығы