Бас жаңалықтар
Қаламқас кен орнындағы өрттің шығу себептері анықталды
28 Наурыз 2019, 13:17 575

Қаламқас кен орнындағы өрттің шығу себептері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (бұдан әрі- ҚМГ) Қаламқас кен орнының No8237 ұңғымасында болған жағдайға байланысты өрттің не себептен болғанын хабарлады.

Осы жылдың 13-ші наурызында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты Қаламқас кен орнының күрделі учаскесінде ұңғыманың құрылысы барысында кен орнының орталық бөлігіне тән техногендік сипаттағы газ-су аралас табиғи бұрқағы шыққан. 25 наурызда жер бетіне шыққан газ-су қоспасының ошағы жана бастаған.

Жедел штаб құрылып, оның құрамына Төтенше жағдай департаментінің өкілдері, экологтар, тәртіп сақшылары, өндірістік қауіпсіздік мамандары, ҚМГ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «СиБУ» ЖШС және Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкерлері кірген.

Өртті ауыздықтау және төтенше жағдайды жою үшін барлық шара қолданылған. Төтенше оқиға орнында 80 маман, 25 түрлі техника жұмылдырылған.

28.03.2019 түнгі сағат 01.05 No8237 ұңғымасы маңайындағы грифонда шыққан өрт сөндіріліп біткен. Қазіргі таңда, пайда болған грифондар жабылып, газ-су аралас табиғи бұрқақтың жер бетіне шығуы тоқтатылған.
Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша, материалдық шығын көлемі шамалы. 

"Қазіргі сәтте қайта қалпына келтіру үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта осындай төтенше жағдайлар қайталанбас үшін мамандар жан-жақты сараптамалық жұмыстарын жүргізетін болады", - деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Бұрын хабарлағанымыздай, 25 наурыз күні сағат 07:10-да Маңғыстау облыстық ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне «Қаламқас» кен орнындағы ұңғымадан шыққан газ жанып, биіктігі 10 метрге дейін жалын атқылап тұрғандығы хабарланды.

Соңғы мәліметтер бойынша, «Қаламқас» кен орнындағы өрттің ошағы сөндірілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек мәлімдеген.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...