Қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылық қатты байқалады – вице-министр

17 Қазан 2019, 16:10
6419
Бөлісу:
Қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылық қатты байқалады – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президенттің жолдауында қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықты қысқарту туралы айтылған болатын. Бүгін осы мәселе қалай шешіліп жатқанына қатысты сауалға ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жауап берді. 

"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауындағы білім саласы бойынша алдымызға қойған міндеттердің бірі қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы білім алшақтығы. Халықаралық тәжірибеде жалпы білімнің сапасы халықаралық PISA нәтижелерімен іске асырылады. Біздің қазақстандық оқушылар зерттеулерге төрт рет қатысты. Соның ішінде шынында да алшақтық байқалады. Ауыл мен қала арасындағы алшақтық 19-26 бала арасында көрсетілген. Өзіміздің қазақстандық жүйедегі бағалауға келетін болсақ, оның ішінде де 8 балға арақашықтық бар", - дейді Шолпан Каринова. 

рожо.jpg

Оның айтуынша, осыған байланысты  ҚР Білім және ғылым министрлігі талдау жүргізген.

"Жалпы білімнің сапасына не әсер етеді? Оған бірнеше фактор бар. Біріншіден, бұл жұмыс істейтін педагогтардың сапасы, олардың біліктілік санаттарының деңгейі, біліктілікті арттыру жағдайы, сондай-ақ болашақта мектепке жұмыс істеуге келетін педагогикалық кадрларды даярлау сапасы. Еңбекақысына да көп нәрсе байланысты. Екіншіден, жоғары оқу орындарында және коледждерде жас мамандарды оқыту", - дейді министр. 

Ауылдық шағын жинақты мектептердің педагогтары үшін мамандық бойынша мұғалімнің құзыреттілігін арттыру курстары, сондай-ақ біріктірілген сыныптар жағдайында пәнді оқыту курстары жоспарлануда. Осы мақсатта 2020-2022 жылдар аралығында Дүниежүзілік Банктің "Орта білім беруді жаңғырту" жобасы шеңберінде жұмыс жүргізілетін болады. Сонымен қатар, болашақ мұғалімдерді сапалы даярлау үшін жоғары оқу орындары мен колледждерде білім беру бағдарламалары, студенттердің мектепте тәжірибеден өту мерзімдері қайта қаралды.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылдық жерлерде тұратын, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды анықтау жүйесін енгізу және олардың әрқайсысы үшін қабілеттіліктерін қолдау мен дамыту бойынша жеке Жол картасын құру қажеттігін атап өткен болатын.


Өзгелердің жаңалығы