Қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу процестеріне әйелдерді белсенді тарту қажет – Рамазанова

3 Желтоқсан 2020, 15:02
1740
Бөлісу:
Қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу процестеріне әйелдерді белсенді тарту қажет – Рамазанова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу процестеріне әйелдерді белсенді тартуға шақырды.

Бұл мәселе 2020 жылғы 2 желтоқсанда өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1325 қарарын жүзеге асыру туралы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының халықаралық дөңгелек үстелінде көтерілді. Қарардың мәні – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі іс-шараларға әйелдердің қатысуын жан-жақты қамтамасыз ету.

Лаззат Рамазанованың айтуынша «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбы бүгінгі күн тәртібінде өте өзекті мәселе. Шешімін таппаған қақтығыстар санының көбеюі, әлемнің түпкір-түпкірінде болып жатқан шиеленістер, табиғи катаклизмдердің артуы және COVID-19 пандемиясы әбігерге түсіргені анық.

Бүгінде барлық елдер, соның ішінде Қазақстан, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1325 қарарын жүзеге асыру бойынша тиімді жоспарды мүмкіндігінше тез арада қабылдауы керек. Бейбіт құрылысы процесінде қақтығыстарды алдын алу және шешуге әйелдер белсенді түрде тартылу қажет, - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.

Оның айтуынша, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарлары «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі бойынша бірқатар мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық базаны құрды. Алайда әйелдер ресми процестер мен келіссөздерге әлі де аз қатысады. Сондықтан әйелдердің бейбіт келіссөздер мен келісімдерге тиімді қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту, сондай-ақ осы мәселеге қатысты шешім қабылдаудың барлық деңгейінде әйелдердің көптеп қатысуын қамтамасыз ету қажет.

Лаззат Рамазанова қазіргі уақытта Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын еске салды. Тұжырымдама индикаторларының қатарында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әйелдердің үлесін арттыруға қол жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Тұжырымдаманың 2020-2022 жылдарға арналған екінші кезеңінің іс-шаралар жоспары іске асырылуда, оның аясында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» бөлімінің іс-шараларын өткізу көзделген. Жауапты органдар, атап айтқанда Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және басқа да бірқатар мемлекеттік органдар осы күн тәртібі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын тиімді жүзеге асыру үшін нақты іс-шаралар әзірлеуі қажет.

Мәселенің мәні - соғысты әйелдер үшін «қауіпсіз» ету емес, соғыс пен қақтығыстар қайталап орын алмайтын бейбітшілік құрылым құру. Қазақстан әйелдердің бейбіт келіссөздер үстелінде, шешім қабылдауға және бітімгершілік топтарға қатысуы үшін барлық күш-жігерін салатын болады, - деп түйіндеді Лаззат Рамазанова.

Естеріңізге сала кетейік, 1325 қарарын Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі 2000 жылы 31 қазанда қабылдаған болатын. Бүгінгі таңда 90-ға жуық мемлекет әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік туралы күн тәртібін жүзеге асыру үшін ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы