Кәсіпкер көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады

25 Сәуір 2019, 19:08
1942
Бөлісу:
Кәсіпкер көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ермек Хапайдың отбасы 3 бөлмелі пәтерге ие болды. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайты хабарлады. 

Көпбалалы отбасы осыған дейін қала шетіндегі қарауыл күркесінде 15 жыл бойы тұрып келген. Аталған отбасының қиын жағдайы туралы «Менің Атамекенім» бағдарламасында айтылған. Отағасы осыдан 30 жыл бұрын Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударып, кейін отбасын құрған.   

«Бұл отбасының баспанаға зәру екендігі туралы екі апта бойы интернет кеңістігінде қызу талқыланды. Көптеген адамдар «Менің Атамекенім» порталы арқылы бізге хабарласып, отбасыға көмек қолын созып азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар алып беріп жәрдемдесті. Ал 18 сәуір күні белгісіз кәсіпкер Хапай әулетінің басты арманын орындады. Енді Ермектің отбасы 3 бөлмелі пәтерде тұрып жатыр», - делінген таратылған ақпаратта.

Бастапқыда отбасы пәтер жалдап тұрған. Кейін балалары көбейгенде баспана жалдау қиынға соғыпты.  Өйткені пәтер иелері үбірлі-шүбірлі отбасына үйін жалға беруге қашқақтайды. Сол себепті де отбасы көп жылдар бойы 10 шаршы метр күркеде тұрып келген. Отбасын асырау үшін отағасы үш жерде жұмыс жасайды. Атаулы әлеуметтік көмектен де құр қалған. Өйткені отбасының әр мүшесі үшін жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік деңгейінен жоғары болып шыққан.

«Басында пәтер сыйлады деп айтқанда сенбедім. Бізге уақытша үміт сыйлағысы келеді деп ойладым. Бізді осында әкеп, қолымызға кілтті табыстағанда қуанышымда шек болмады. Бәрінен бұрын балаларым мәз. Өйткені олар мұндай жайлылықта тұрып көрген жоқ. Тіпті дәретхана бөлмесі олар үшін таңсық. Менің отбасыма қол ұшын созып, көмектескен жандарға алғысымды білдіремін. Олар болмаса, біз әлі де күркеде күнелтетін едік. Осы жылдар ішінде бізге көмектескен адамдардың бәріне ризашылығым шексіз», – деді отағасы Ермек Хапай.

 

Өзгелердің жаңалығы