Көпбалалы отбасылар жалдамалы баспанамен бірінші кезекте қамтылады

24 Сәуір 2019, 13:56
1756
Бөлісу:
Көпбалалы отбасылар жалдамалы баспанамен бірінші кезекте қамтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастардың баспана мәселесін шешетін заң жобасы қаралды. 

Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. 

«ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде және Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар берді. Бір топ Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген заң жобасы аталған тапсырманы іске асыруға және жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін заңнамалық негіз қалыптастыруға бағытталған», - деді депутат.

Ол заң жобасында «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» заңына актілерге түзетулер енгізу қарастырылатынын айтты. 

«Бірінші, көпбалалы отбасы ұғымын «Неке, ерлі-зайыпты және отбасы» туралы кодексіне сәйкес келтіру заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды. Екінші, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ұғымын енгізу табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған сатып алу құқығынсыз жалға алуға берілетін үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді .Үшінші, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған, «Батыр ана», І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» атағын алған көпбалалы аналар және отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу», - деді Өтемісов. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың саны – 31 725. Көпбалалы отбасыларды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жер» бағдаралмасымен жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді. Осының арқасында жылына кемінде 6000 пәтер тапсырылады. 

«Төртінші, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің шегінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді және оның көлемін айқындау нормасы көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге қаражатты тікелей және мақсатты жолдауға негіз береді. Осының арқасында жалға берілетін тұрғын үй көлемі өседі. Бесінші, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарына жұмыс істейтін жастар үшін қолжетімді баспана жүйесін дамытуды енгізу және мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі уәкілетті органды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру қағидаларын бекіту құзыретімен қамтамасыз ету. Бұл түзетулер ҚР тұңғыш президенті – Елбасы тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін әзірленген тетікті жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді депутат.

 «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2019-2025 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын кемінде 1000 жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарланады. 

«Жұмыс істейтін жастар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Осылайша қаралып отырған заң жобасының қабылдануы көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастардың баспана мәсәлесін жедел шешу үшін заңнамалық негізді қалыптастырады. Осы санаттағы адамдардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді», - деп сөзін түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы