Бас жаңалықтар
Күніне мың бөлке нан тегін таратылады
09 Мамыр 2019, 09:13 321

Күніне мың бөлке нан тегін таратылады

Тараз қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Қасиетті Рамазан айында Тараз қаласындағы «Нұрислам» көтерме сауда орталығы қайырымдылық бастаманы қолға алды. Жеке кәсіпкер Серік Қарымсақ мұсылмандар ораза ұстайтын отыз күн бойы бөлке нанды тегін таратуды жөн көрген. 

«Біз осыған дейін нанды басқа дүкендерге қарағанда біршама арзан бағада саттық. Бір бөлкенің құны – 50 теңгеден. Ал енді Рамазан айында бір ай бойы біздің тұрақты тұтынушыларымызға, келушілерге бір адамға екі бөлке нанды тегін беруді жөн санап, бастама көтеріп отырмыз», - дейді дүкен иесі. 

Серік Қарымсақ алғашында тегін нанды тек қана жетім-жесірлер мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін және мүмкіндігі шектеулі жандарға таратуды ойлаған. Содан кейін ешкімді бөліп-жармайын деген шешімге келіп, тұтынушыларының барлығына үлестіре бастаған. 

«Қазір дүкенге келушілерге күніне мың бөлке нан тегін таратылуда», – дейді сауда үйінің басшысы. 

«Нұрислам» дүкенінің тұтынушысы Гүлнар Құсайынованың айтуынша, бұл шара көпшіліктің көңілінен шығуда.
«Менің төрт балам бар. Сауда орталығы беретін тегін нан менің отбасыма үлкен септігін тигізуде. Сондықтан қайырымды азаматтарға аналық алғысымды жеткіземін», - дейді көп балалы ана. 

Айта кетейік, бүгін – айлардың сұлтаны саналатын Рамазанның үшінші күні. Бұл айда қайырымдылық жасап, мейірімділік танытудың салмағы да, сауабы мол екенін айтады дін мамандары. Сондықтан осы ізгі шараны жалғастыратын өзге де кәсіпкерлер табылатынына сенім мол.

Сізден жаңалық