Бас жаңалықтар
Күлтөбе қалашығының әлі де тиісті бағасы берілмей келеді
PHOTO
19 Қыркүйек 2020, 15:30 205

Күлтөбе қалашығының әлі де тиісті бағасы берілмей келеді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Күлтөбе – Ясы қаласының бұрынғы ордасы. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жақын орналасқан бұл қалашықтың жасы екі мың жылдан асады. Біздің заманымыздың І-V ғасырына дейін тұрған. Кейін белгілі себептермен бұзылған. Келер жылы ашық аспан астында ашылатын «Күлтөбе қалажұрты» археологиялық паркінің басты құндылығы неде екенін көзімізбен көріп, барынша зерделеп қайтуға тырыстық.

Мұндағы негізгі құрылыс – крест сияқты төрт жапыраққа ұқсайды. Қабырғасының қалыңдығы – 1,72 м. Ғибадатхананы зороастризм дініндегі яғни отқа табынушылар мекендеген. Б.з.д. VIII ғасырда пайда болған.

кул1.jpg

Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде 40 жыл еңбек етіп зейнетке шыққан тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Мәдениет қайраткері Марат Тұяқбаевтың айтуынша, қалашықтағы төрт гүлдің жапырағына ұқсас тура осындай екі ғибадатхана Өзбекстаннан, ал екеуі Қазақстаннан табылған. Алайда, Тараз қаласындағы және Бұқарадан табылған қазбаның сақталған қалыңдығы жарты-ақ метр яғни ізі ғана қалыпты. Ал Түркістандағы үйіндінің астынан шыққан ғибадаттың бірінші қабаты толық, екінші қабаты ішіне көмілген күйінде шыққан.

Әрине кейбір қазбалардан бүтін зат шығу өте қиын. Әр жерден түрлі ыдыстар таптық, алтын әшекей заттар шықты. Қазір ол заттардың бәрін музейге жинап алып кеткен. Әзірге қалашықтың табаны тұрған жер б.з.б. І ғасыр. Бұл жерде тағы да ең кемі 2 метр арнайы қазба жұмыстарын жүргіземіз. Сөйтіп Түркістанның шын жасы қанша екенін анықтаймыз, - дейді Марат Тұяқбаев.
Өздеріңіз білесіздер, қазір Түркістан қаласының жасын 1500 жыл деп жүр. Бұл дата 1978-1983 жылдары осы Күлтөбеде жүргізілген қазбаның нәтижесінде айтылған. Ол кезде бірінші Цитадель (Орда) пайда болады. Оның сырт жағында Шахарстан қаласының көрінісін бүлдірмес үшін қақпаны шығыс жақтан салған. Оның құрылысы IV-V ғасырға дейін барады. Сөйтсе негізгі құрылыс Күлтөбенің астында болып шығады. 2010 жылы Ерболат Смағұлов бастаған экспедиция мен Әзірет Сұлтан қорық музейі қосылып 2014 жылға дейін қазіргі құрылыс жұмыстарын ашады.

кул3.jpg

2018 жылға дейін 3-4 жыл қаражат табылмағандықтан қорған ашық күйінде жатып қалды да біраз жері үгітіліп, іргесі сөгіліп кетті. Әйтпесе көп жерінің сылағы бүтін еді. Қазір үстіндегі жабын да уақытша жабылған. Бұл жер арнайы бекітілген жоба бойынша екі жарым гектар үлкен жабынмен жабылады. Қаражат бөлінген. Біз бұл қалашықтың әлі тиісті бағасын бермей жүрміз. Мұны археологтар өзара түсінеді. Ғибадатхана – өте құнды, сирек кездесетін құрылыс. Мұндай жәдігер тіпті Қытайдың өзінде жоқ. Қытайдың өзінде ұлы қорған б.з. ІІІ-ІV ғасырында салынып, XVIII ғасырға дейін созылған. Мұнымен замандас Сирияның Пальмира деген қаласында да ескі құрылыстар бар. Бірақ олар көбіне тас пен тау жыныстарынан қаланған. Ал Күлтөбеде бекінісі кәдімгі пақса мен кесектен қаланған. Жердің астында жатқандықтан осылай аман сақталған. Қазір әлемде жер бетінде 2200 жылдық құрылыс жоқ. Болжауымызша бұл ғибадатхана бұдан да биік үш қабат болуы мүмкін. Бірақ құрылысты осы күйінде қалдырғанды жөн көріп отырмыз, - дейді ғалым.

кул4.jpg

2200 жылы біздің территориямыз Қаңлы мемлекеті құрамында болған. Сыр өзені бойында түркі тайпалары мен басқа да көптеген сақтардың тайпалары өздерін Тұран деп атаған. Атақты Иранның «Шахнама» жырында IV-V ғасырда Иран мен Тұран соғысы болғаны баяндалады. Күлтөбе Тұранның қоластында болғанымен құрылысын салған кезде қаңлыларға қараған.

кул5.jpg

Бұл деректі біздің заманымызда 1160-1164 жылдары қытайдың бір шолғыншы саяхатшысы жеткізген. Сол Сырдария, Амударияның бойын аралап, өзеннің бойы түгел қала, осы жерден Ұлы Жібек жолын салайық деп Қытай императорына ұсынысын айтқан екен. Олар алдымен әскермен келіп басып алмақ болады да, жеңіліп қалады. Кейін бейбіт жолмен келіп 14 км сайын бір-бір бекініс салады. Олар Түркістан ауданынан 30 км жерде Иқан, Майбалық деген қалашықтар. Оларға да шамамен 2100 жыл толған. Одан ары 12 км жерде Ташнақ деген қала тегістеліп кеткен. 12 км жерде Оқжетпес, 12 км жерде Сидақ ата, 14 км жерде Шорнақ, 12 км жерде Қаратөбе, 12 км жерде Ақтөбе бар. Бұлар Жібек жолы бойындағы керуендерге қызмет ететін бекіністер, - деді Марат Қымызұлы.
кул6.jpg

Зороастризм дініндегілер осында келіп сырты қоршалған, алты бұрышты ғибадат салады. Қабырғасының қалыңдығы 6-7 метр. Ортасында бөлмелер бар. Тұрақты әскер күзететін жаугершілік қорған өз ішінен бірте-бірте қала сияқты өсе берген. 14 км жердегі Майбалық, Ташнақ, Оқжетпес, Сидақ т.б. сондай атаулардың ішінен аман қалғаны осы – Күлтөбе. Күл деген сөз – «қасиетті шың», «күлтегін», «киелі төбе» дегенді білдіреді.

Исламға дейінгі зороастризмді ұстанған кейбір жоралғылар әлі де бар. Мәселен, малды оттың ортасынан айдап өту, сыпыра, нан жаю, аждаһа, қарақұс тотемдері және қураған ағашқа шүберек байлап қою осы зороастризмен қалған. Бала кезімізде ақ көйлекпен найзағай астында жүгірме, жай түседі деген. Себебі, олар жай түсу үшін қураған ағашқа шүберек байлап, найзағай түсіп өртенген соң, сол отты құдай жіберді деп түсінген. Әр үйдің ішінде өзінің ғибадатханасы болған, - деп түсіндірді М.Тұяқбаев.
кул7.jpg

V ғасырда Қаңлы мемлекеті қирап эфталиттер келеді. Арабтардың шапқыншылығы туралы шежіреде жергілікті халық зороастризм, кейбірі несториан, христиан дінін ұстанғаны айтылады. Сөйтіп жергілікті тұрғындардың басына бір-бірден сарбаз қойып, ислам дініне зорлықпен кіргізген екен. Дінді кейін Сығанақтан шыққан сунақтар, бергісі қожалар бейбіт жолмен тарата бастапты.

кул8.jpg

Эфталиттерден кейін артынша түрік қағанаттары құрылады, кейін Батыс түрік қағанаты, Шығыс түрік қағанаты болып бөлінеді. Батыс түрік қағанаты ауған мен үндінің солтүстігін жаулап алады. Осы жердегі көп халықты ығыстырған. Батыс түрік қағанатынан кейін Түргеш қағанаты, одан кейін билікке Оғыздар келді. Ғалымның айтуынша, қазірге дейін Түркістан ауданында осы оғыздарға байланысты атаулар көп. Мәселен, Шорнақ, Қарнақ, Оқшы, Шойтөбе, Шәуілдір, Қазығұрт, Тұрбат атауы осылардан қалған.

Күлтөбенің қазба жұмысын жүргізген кезде шығыс беттегі географиялық ені 10 метр, тереңдігі 15 метрге жетті. Қазып әр қабатын көреміз. Ең үстіңгі қабаты 19-20 ғасыр, одан кейінгісі 17-18 ғасыр, сосын бірден 14-ші ғасырға түсіп кетеді. Қала үлкен соғыс кезінде өртенген. Біз мұны Әмір Темірге қарсы шыққан кезде болған-ау деп шамалап отырмыз. Тоқтамыс хан Түркістан мен Сауранды 2-3 рет шауып кеткен. Әмір Темір кесенені салуға бұйрық берген кезде осы жердегі халықтан ешкім қалмаған. Бертін 17 ғасырда қала салына бастайды. 19 ғасырда үстіне үйлер түскен, ал 20 ғасырда қирап кеткен, - деді ғалым.
кул9.jpg

Бір ғажабы, ғибадаттың әрбір бөлмесі ашылған және келесі бөлмеге өтетін баспалдақтар бүтін сақталған. Қазба осынысымен құнды. Салынып жатқан парк туристер айналып өтіп, көз алдында картинаны толық көре алатындай етіп жасалуда. Басты мақсат – осы 2000 жылдан аса тарихы бар әлемде бірен-саран қалған жауһарды әлемге паш ету.

кул13.jpg

Мұндай сау қалған тарихи мұра жоқ. Қайта біз ашық аспан астында біраз уақыт тұрып бүлдіріп алдық. Егер біз мұның астын тағы да ашып, не бар екен деп қазатын болсақ, құрылысты қайтадан қалпына келтіру мүмкін болмайды. Өйткені астыңғы қабаты отырып қалады да, езіліп кетеді. Мысалы Италияда Помпейді сол күйінше қалдырып, үстін жауып қоя салған. Канада елінде де бір музейді шынымен қаптап қойған. Үстінен бәрін қарап жүресің. Ондай жерге табылған заттарды да қоюға болады, алып кетеді деп қорықпайсың, - деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
кул10.jpg

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын 5 жылға тұжырымдама қабылданған болатын. Онда Әзірет сұлтан музейін реставрациялау, туризмді дамыту салалары қарастырылды.

Осы тұжырымдаманың негізінде көптеген ауыз толтырып айтарлық дүниелер жасалынып жатыр. «Қазқайтажаңарту» кәсіпорны Әзірет Сұлтан территориясы аумағындағы 18 шақты құнды объектілерге реставрация, консервация т.б. жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы киелі жерді археологиялық паркке айналдырамыз деп күні-түні ұйықтамай еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Археолог мамандар жол сілтеп, оның дерегін, тарихын, құжатын жазып беруде. Бұл бағалы дүние алдағы уақытта туристерге өзінің қызметін көрсетеді. Өйткені оларға осындай деректер қымбат. Жай ғана көріп кетпей тарихи дүниелерді дайындап ұсына білуіміз керек. Мұны әлем жұртшылығы білуі тиіс, - деді директор.
кул12.jpg


 

 

 



Фото: автордан
Загрузка...