Көлік дөңгелегін жамауды кәсіп еткен күршімдік Светлана

12 Маусым 2020, 12:23
2127
Бөлісу:
Көлік дөңгелегін жамауды кәсіп еткен күршімдік Светлана
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Он жыл бұрын Күршім ауылының орталығында шағын ғана шина құрастыру бизнесін бастап, әйелге тән емес кәсіпке ден қойған Светлана бүгінде оның нәсібін көріп отыр.

Күршімге жасаған кезекті іссапарымыздың бірінде ерекше жанмен танысудың сәті түсті. Иә, ерекше жан деуге тұрарлық азамат осыдан он жыл бұрын жолдасымен бірге нәзік жанға тән емес кәсіп бастап, бүгінде нәсібін көріп отыр. Күршім ауылының орталық көшелерінің бойында орналасқан шағын ғана шина құрастыру нысанын ашқан Светлана мен Сергей Ерошкиндер келімді-кетімді жүргізушілерге күндіз-түні қызмет көрсетеді. Осы істің қызығы мен шыжығын бірдей көріп жүрген Светлананы біз әңгімеге тарттық.

Тілші: Светлана Владимировна, өзіңіз Күршімнің ежелгі тұрғынысыз ба?

Светлана Ерошкина: Өзімізді Күршімнің ежелгі тұрғындарымыз десек те болады. Өйткені жолдасым екеуіміз осында туып-өстік. Отбасын құрып, бірге кәсіп бастадық. Екі қыз тәрбиелеп өсіріп, үйлі-баранды еттік.

IMG_20200604_153726.jpg

Тілші: Шина құрастыру ісімен айналысқаныңызға неше жыл болды?

Светлана Ерошкина: Он жыл бұрын кішкентай ғана темір дүңгіршектен бастадық. Шина құрастырудың жыл он екі ай жұмысы тоқтамайтындықтан, темір дүңгіршектің іші жаздың аптабында оттай жанып тұрса, қыста мұздай суық. Әсіресе қақаған қыстың саршұнақ аязында табанымыздан сыз өтіп жүріп дөңгелек жамаумен айналыстық.

Тілші: Өзіңіздің осы іске деген икеміңізді қалай қалыптастырдыңыз?

Светлана Ерошкина: Әйел үшін ер адамға тән кәсіпті істеу өзгелерге ерекше көрінері анық. Дегенмен, мен бұл жұмыста негізінен жолдасыма иық артамын. Бірде күйеуім аяғын сындырып алды. Сол кезде оның досы көңілін сұрап үйімізге келген болатын. Үстел басында әңгімелесіп отырып, сөзден-сөз шығып, бір кезде оның "әй, осы сенің жұмысыңды Светаға үйретіп қойсақ қайтеді? Жұмысың да тоқтамайды, өзің де ара-тұра демалып тұрасың" демесі бар ма? Бастапқыда мен оны жай қалжың екен деп ойладым. Біраздан соң күйеуім досы екеуі қоярда-қоймай мені шина құрастыратын дүңгіршекке алып келді. Қолыма көліктің доңғалағын беріп, "мынаны былай, мынаны былай істейсің" деп көрсете бастады. Алғашында қолымның икемі келмей, ауыр доңғалақты көтере алмай, майға түсіп есім шықты. Бірақ бірнеше әрекеттен соң машықтанып алдым.

IMG_20200604_154033.jpg

Тілші: Әйел адамда түздің шаруасынан гөрі, үйдің шаруасы көп. Келген клиентке қызмет көрсетемін деп үй шаруасы қалып қалмай ма?

Светлана Ерошкина: Бизнесіміз алыста емес, үй ауласында. Шынымен де үй шаурасы жоқ емес. Дегенмен, қазір үйімізде қауырт тіршілігіміз көп деп айта алмаймын. Балалрымыз кішкентай күнінде олардың асын дайындау, киімдерін жуу, ұйықтату, сабағын қарау сияқты жұмыстар болды. Қазір олардың барлығы ересек, өз отбасылары бар. Қазір ара-тұра жолдасымның түскі, кешкі асын қамдау үшін үйге кіргенім болмаса, күнімнің көп бөлігі осы шина құрастыру цехында өтеді. Өйткені мұнда камера жамаудан бөлек, қаражатты есептеу, құжаттарды реттеу сияқты жұмыстарым да басымнан асады.

IMG_20200604_153505.jpg

Тілші: Өзіңіздің басқа салада мамандығыңыз бар ма?

Светлана Ерошкина: Жастайымыздан анамыздан жетім қалып, әкенің тәрбиесінде өстік. Отбасымызда бала саны көп болды. Тұрмыстық жағдайымыз да қиын болғаны рас. Содан болар, он жылдық мектепті тәмамдаған соң Сергейдің етегінен ұстап кете барғаным. Кейін өзім бала тәрбиесі, үй шаруасы деп жүріп, оқымадым. Енді жасым ұлғайған шақта басқа кәсіпке үйренудің маңызы да жоқ деп ойлаймын.

Тілші: Әйел адам үшін осындай жұмыс істеу қиынға соқпай ма?

Светлана Ерошкина: Он жыл бұрын жұмыс жеңіл болып көрінетін. Содан бері жасымның ұлғайып қалғаны болар, қазір доңғалақты көтеру, шинаны алып, қайтадан орнату біраз қиынға соғатыны рас. Бірақ жанымда жолдасым Сергей үнемі болатындықтан менің негізгі жұмысым оған камераны жамап беру. Ол қалған жұмысты маған артпай, өзі істеуге тырысады.

IMG_20200604_154607.jpg

Тілші: Жолдасыңыз Сергей белгілі бір себептермен жаныңызда жоқ болған уақытта клиентке қызмет көрсету қиын емес пе?

Светлана Ерошкина: Мен үшін ең қиын жұмыс - көлік дөңгелегін шешіп, қайтадан салу. Балон кілтімен дөңгелектің бұрандаларын бұрау әйелдің шамасы келе бермейтін іс. Оның үстіне көлік дөңгелегі дискісімен қосқанда 16 келіге тартып кетеді. Әйел адам үшін мұндай ауыр затты көтеру кейде тіптен мүмкін болмай жатады. Жүргізушілердің көпшілігі ер адамдар ғой, түсінеді. Келген бетте өздері домкратты қойып, көлікті көтеріп, дөңгелектерін шешіп береді. Әрі қарайғы жұмысты өзім істеп беремін. Ал әйел жүргізуші келгенде оларға басқа шина құрастыратын нысандарды көрсетіп жіберемін. Олар да мені түсінеді.

Тілші: Өткен он жылда көлік доңғалағын жамаудың қыр-сырын үйрендіңіз. Жалпы, осы істе қандай да бір өзіндік сыры немесе құпиясы бар ма?

Светлана Ерошкина: Құпия дейсіз бе? Менің басты құпиям – келген клиентті жылы жүзбен қарсы алу. Оны әңгімеге тартып, хал-жағдайын сұраймын. Таныс кісілер болса, бала-шағасының, ата-анасының халін сұрап, көңілін табуға тырысамын. Әңгімелесіп отырып, олар күту уақытының қалай өтіп кеткенін де байқамай қалады. Клиенттің көңілін табудың бірінші әдісі осы деп ойлаймын. Жалпы, істеген жұмысымыздың сапасы да клиент санын арттырудың бір әдісі. Өйткені жұмысымызды ұнатпаған жүргізуші қайтадан бізге келмеуі де мүмкін. Келген клиенттер көп жағдайда "Светлананың камера жамау әдісі бөлек, қайтадан ашылып кетпейді" деп
жатады. Олардың осылайша сенім білдіргені мен үшін ерекше марапат. Жалпы, адам жалқау және қорқақ болмауы қажет. Әкеміз бізді жастайымыздан еңбекке үйретті. Бір сәт бос отыру - біз үшін табыстан айырылу. Міне менің бизнесімнің қыр-сыры мен құпиясы.

IMG_20200604_153629.jpg

Тілші: Бизнес бастауда қандайда бір көмекке немесе банктен несие алуға жүгіндіңіз бе?

Светлана Ерошкина: Біреуге қарыз болуды ұнатпайтын адаммын. Сол себепті болар, бизнесімізді бастаған уақытта банктен кредит немесе таныстардан қарыз ақша алуды ойламаппыз. Өз қаржымызға кішкентай ғана темір дүңгіршек салып, ішіне құрылғыларын қойып, бастап кеттік. Клиентіміз болмай қала ма деген күдігіміз де болды. Оның үстіне Күршім ауылында үшінші болып ашылған шина құрастыру пункті болдық. Дегенмен, клиенттеріміз біртіндеп көбейе бастады. Кейін ауыл ішінде тағы бірнеше шина құрастыру нысаны ашылып, клиентімізден айырылып қалу қаупі төнген болатын. Алайда, біздің жұмысымызға үйренген клиенттеріміз ешқайда кетпеді.

Тілші: Болашақта тек шина құрастырумен ғана емес, сондай-ақ көлік жөндеу қызметін де қатар жүргізу жоспарда жоқ па?

Светлана Ерошкина: Бастапқыда ісімізді шағын ғана темір дүңгіршектен бастадық деп айттым ғой. Кейін үйіміздің іргесінде екі гараж салып, бір жағын шина құрастыруға, екінші жағын көлік жөндейтін орынға айналдырдық. Дегенмен, екі істі қатар алып жүру қиын екен. Сол себепті көлік жөндеуге арналған гаражды жалға беріп те көрдік. Бірақ өзге адамдар да бұл жұмысты алып жүре алмады. Сонда да қол қусырып отырмыз деп айта алмаймын. Келген клиенттердің кей кездері покрышкалары немесе камералары мүлдем іске жарамсыз болып, жамауға келмей жатады. Осы жағдайды ескеріп, соңғы кездері шинақұрастыру пунктіне жаңа покрышкалар мен
камералар әкеп сатуды жолға қойдық. Бағаны аспандату мақсатымыз емес. Қаладан алып келген тауарларымызға үстеме ақыны аздап қана қосып сатудамыз. Сондықтан біздің бағамыз Күршімдегі ең демократиялық баға деп білемін.

IMG_20200604_155634.jpg

Тілші: Осы істен жалыққан кездеріңіз болмады ма?

Светлана Ерошкина: Табыс түсіретін істен адам жалыққан ба? Күнделікті шай-пұлымызды айыратын табыс түсіп жатқан жұмыстан жалықтым деп айтудің өзі күнә шығар? Бірақ кейбір кездері осы жұмыстан жалығатын, кетіп қалғым келетін кездер де болады. Мүмкін бұл жасымның ұлғая бастауымен байланысты шығар, бәлкім. Бес жыл бұрын бұл жұмысты ойнап жүріп істейтінмін. Ал қазір қиындай түскен сияқты.

Тілші: Келген клиенттеріңізді қандай тілектер айтып шығарып саласыз?

Светлана Ерошкина: Клиенттерді ешқашан қайта келіңіздер деп шығарып салған емеспін. Керісінше, жолдарыңыздан қалмай, діттеген жерлеріңізге жетіңіздер деп айтамын. Қайтара шақыруды жаман ырымға балаймын. Сол себепті "маған қайта келмеңіздер" деп айтамын.

Тілші: Уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңіз үшін алғыс білдіремін! Ісіңіз алға баса берсін!


Өзгелердің жаңалығы