Бас жаңалықтар
Көлгінов көпбалалы аналармен кездесті
12 Шілде 2019, 20:36 190

Көлгінов көпбалалы аналармен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы елорда әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Бүгін аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналармен кездестім. Соңғы үш апта ішінде күнара 20-30 көпбалалы, басқа да азаматтарды қабылдап жүрмін. Бүгін кездесуде де көтерілген мәселелер әртүрлі. Негізінен тұрғын үй, сонымен қатар жұмысқа орналасу, дәрігерлік көмек, балалардың мектепке керек-жарағына деген мұқтаждық сияқты бірнеше проблема бар. Мемлекет тарпынан аталған мәселелердің барлығына шара қабылданды. Біз қазір министрлікпен бірге әрбір анаға қатысты әлеуметтік карта жасап жатырмыз. Осы бойынша аталған проблемалар біртіндеп шешімін табады», - деп жазды қала әкімі.

Сондай-ақ, барлық азаматтарды бір күнде қабылдау мүмкін болмағандықтан кесте бойынша кездесетінін, ол үшін аналардан сабыр сақтауды, мәселені жеке кездесу арқылы да реттеуге болатынын айтты.

«Мәселе көшеге шығып айғайлаумен шешілмейді. Қала әкімдігінде азаматтарды қабылдау күндері бекітілген. Мәселені жеке кездесу арқылы да реттеу болады деп есептеймін. Сондықтан, құр айтаққа ермей, мәдениетті түрде шешуге шақырамын. Бүгінгі кездесуде сөйлеймін деген азаматтардың барлығын асықпай тыңдадық. Әрқайсының аты жөні мен байланыс номерлерін жазып алдым. Енді дүйсенбіден бастап, сіздерді жеке қабылдаймын», - деп жазды Алтай Көлгінов.

Сізден жаңалық