Көкшетаулық көпбалалы аналарға смартфондар тарту етілді

3 Наурыз 2019, 16:14
2033
Бөлісу:
Көкшетаулық көпбалалы аналарға смартфондар тарту етілді

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолалық тәртіп сақшылары көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға күзет және өрт қауіпсіздігі функциялары бар смартфондарды сыйға тартты. Еліміз бойынша қолға алынған жаңа жоба алғаш рет Ақмола облысында жүзеге асырылып отыр.

Мұндай бірегей гаджеттің болуы балалардың, сондай-ақ жеке мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектесетінін айтады мамандар.

«Өңірде полиция департаменті мен Көкше-Гарант күзет агенттігі», «Базис-21016 күзет фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арасындағы әріптестік аясында аз қамтылған отбасыларға демеушілік көмек көрсету бастамасы қолға алынған болатын. Бір атап өтерлігі, төтенше жағдай жөнінде дабыл түскенде бұл отбасыларға тегін қызмет көрсетіледі. SOS батырмасы бар қосымша орнатылған гаджеттердің функциялары жеңіл, мобильді қосымшаны балалар да қолдана алады», - дейді күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Мұстафин.

Батырманы басқанда жеке тұлғаның тұратын мекен-жайы мобильді қосымшадағы орталықтандырылған бақылау пультіне жіберіледі. Күзет пультінің операторы дабыл түскенде монитор дисплейінде ұялы телефон иесінің жеке мәліметтері мен орналасқан орнын көре алады да, оқиға орнына жеке күзет ұйымының мобильді топ экипажын жібереді.

«Дабылды батырмасы бар әмбебап гаджет ана мен бала үшін пайдалы, төтенше жағдайда жедел хабарласуға таптырмас құрал. Полицейлер құрылғыны қалай пайдалану керектігін түсіндірді. Тілсіз жаудан ешкім де сақтандырылмаған. Ең бастысы, үрейге бой алдырмай, уақытты жоғалтпай дер кезінде хабарласу керек, - дейді көпбалалы ана Салтанат Бегжанова.

Тәртіп сақшылары алдағы уақытта облыс орталығында 30 отбасын осындай құрылғымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы