Көкшетауда жастарға арналған тұрғын үйлер бой көтереді

14 Ақпан 2019, 15:59
2431
Бөлісу:
Көкшетауда жастарға арналған тұрғын үйлер бой көтереді

Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Биыл «Ақмола жастары» арнайы жобасы аясында Көкшетауда 4 көппәтерлі үй салынады деп жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында «7-20-25» бағдарламасын түсіндіруге арналған брифингте айтылды.

Биылғы жылдан бастап жастардың пәтерге қол жеткізуіне жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болады. Соның арқасында өңірге аса қажет мамандардың тізімі жасалып, барлық деңгейдегі мәслихаттардың қарауына беріледі.

ҚР Ұлттық Банкі Ақмола филиалы директорының орынбасары Гүлнар Омарованың мәліметінше, «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алуға талпыныс жасап жатқан ақмолалықтардан биыл 334 өтініш түсіп, оның 250-і мақұлданған.

«Қазіргі уақытта екінші деңгейлі 8 банк осы мемлекеттік жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Қаржы мамандары бұл бағдарламаның тиімді тұстарына тоқталды. Әрі инфляция бастапқыда қомақты көрінген төлемді жұтып жіберуі мүмкін, сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ. Баспаналы болғысы келген отбасы иелерінің орташа жалақысы (ерлі-зайыптыларды қосқанда) 120 мың теңге болуы тиіс. Бастапқы жарна 20 пайызды жинасаңыз, ары қарайғы төлемді өзіңіз қалаған жылдарға банк есептеп береді», - дейді Гүлнар Омарова.

Бүгінгі күні пәтер жалдап жүрген жастардың жағдайы мәз емес. Олар мардымсыз жалақы алып қана қоймай, соның жартысынан астамын үй-жайына төлеп келеді. Сең қозғалып, жағымды жаңалықтар жастардың еліне қызмет етуге деген құлшынысын арттыра түседі деген сенім бар. Себебі, баспананың жоқтығы, көңіл хошының да жоқтығы деген сөз.

«Биыл «Ақмола жастары» арнайы жобасы арқылы Көкшетауда 4 көппәтерлі үй салынады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Бурабай, Бұланды, Зеренді аудандарында да баспаналар бой көтереді. Жоғарыда айтқан әкімдік тарапынан жасалатын көмекке қатысты тұрғын үйлерді жергілікті билік өзі таңдап, өзі бөлетін болады», - дейді «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ аумақтық директоры Толқын Нұрмахин.

Әсем Ұланқызы

Фото: шартты

Өзгелердің жаңалығы