Көкшетауда қоршаған ортаға зияны жоқ экопакет өндіріледі

16 Шілде 2020, 10:06
3283
Бөлісу:
Көкшетауда қоршаған ортаға зияны жоқ экопакет өндіріледі

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы "Garant PACK" серіктестігі табиғатты ластамайтын экологиялық таза өнім өндіруді қолға алды. Айына миллионға жуық қағаз қаптама шығаратын кәсіпорын қоғамға пайдалы жобаның қолдау табарына сенімді.

Пластик пакеттер жүздеген жыл бойы сақталып, қоршаған ортаны бүлдіреді. Экологияға әкелер орасан зор зардабын біле тұра әлі де пайдаланып келеміз.

Әу бастағы қолға алған жобамыздың қоғамға пайдасы тиеріне сенімді болдық.Осыны ескере келе қағаз қаптамалар шығару өндірісін қолға алдық. Өзіміз күнделікті пайдаланып жүрген полиэтилен пакеттер сияқты емес, қағаз қаптамалардың табиғатқа еш зияны жоқ. Бір жылдың ішінде толық ыдырап, топыраққа сіңеді. Әрине, бұл біреулер үшін аса маңызды жаңалық болмауы мүмкін. Алайда бірқатар шет мемлекет полиэтилен пакеттерді қағаз қапшықтарға ауыстыруда. Бізге де болашақ ұрпағымыз үшін табиғатымызды таза күйінде сақтап қалу керектігін ұғынатын кез жетті, - дейді "Garant PACK" ЖШС-нің "Экопакет" жобасының жетекшісі Әнел Қарымсақова.

Жоба жетекшісінің айтуынша, жыл сайын елімізде 5-6 млн тонна қоқыс жиналады екен. Ал пластик бұйымдардың жер бетінде 250 жыл жататыны белгілі. Ауаға зиянды қалдықтар тарайтындықтан, өртеп жіберу де тиімсіз. Топыраққа толық сіңуі үшін мың жыл қажет.

_Экопакет ондирис.jpg

Бір ғана жол – қоқыстардағы пластиктерді қайта өңдеу. Арнайы полигондардағы қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мен сақтау Көкшетау үшін де аса маңызды болып тұр. Стихиялық үйінділерді айтпағанда қалада жиі жиналып қалатын қоқыстар қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Бизнесті қолға алмас бұрын нарықта әлеуетті тұлғалармен қатар нақты сатып алушылар, серіктестер таптық. Цехты жылдың басында аштық. Жаңа заманғы құрал-жабдықтар сатып алдық. Дайын өнімді желімдеу мен престеуге дейінгі процестер түгел автоматтандырылған. Қазіргі уақытта кәсіпорын айына миллионға жуық қапшықтар шығарады. Қарапайым азық-түліктен бастап цементке қажетті бір және төрт қабатты түрлі форматтағы өнімдер ұсынылады. Крафт-қағаз – қарапайым қағазбен салыстырғанда беріктігімен ерекшеленетін, қағаз қапшықтар үшін қолданылатын термин. Қазіргі уақытта қағаз қаптамалар түрлі салаларда кеңінен қолданылып келеді. Қағаз кейбір құрылыс қоспалары мен ағаш көмірін сақтауға таптырмайтын әдіс, - дейді Әнел Қарымсақова.
Оның айтуынша, қоршаған ортаға залал келтірмейтін экопакеттерге сұраныс артып келеді. Кәсіпорын жарнамасыз да бәсекеге қабілетті екендігіне сенімді.

Қағаз материал бірқатар азық-түлік сапасының жақсы сақталуына ықпал етеді. Мысалы, фаст-фуд орталықтары алғашқылардың бірі болып біздің өнімімізді тұтынды. Бүгінде Көкшетаумен қатар Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Петропавл қалаларының құрғақ құрылыс қоспалары, жем-шөп, ағаш көмір өндіретін компаниялары, сауда орындарымен тығыз байланыс орнаттық. Біздің жергілікті серіктесіміз – "Кристалл" супермаркеті оларды жарнамалап жазғанымыз үшін сатып алушыларға біздің азық-түлік экопакеттерімізді ұсынуда. Қаптамалардағы бояу да экологиялық талапқа сай келеді. Өткен жылдың басты оқиғаларының бірі - Еуропарламентте бір реттік пластик бұйымдарды қолдануға тыйым салу туралы заңның қабылдануы. 2021 жылдан бастап Еуроодақ елдерінде пластиктен жасалған ыдыстар сатылмайтын болады. Кей елдер заң күшіне енгенін күтпей-ақ қазірден бастап қоршаған ортаны қорғау шараларына кірісуде. Айталық, Литва үкіметі сауда орталықтарында пластик пакеттерді пайдалануға тыйым салуға ниетті. Ал Франция 2016 жылы жұқа пакеттер сатылымын тоқтатты. Бізде де адамдар арзан зиянды өнімдерден бас тартып, дұрыс таңдау жасауға дағдылануы керек, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы