Бас жаңалықтар
Көкшетауда елордалық онкологтар шеберлік сағатын өткізді
17 Мамыр 2019, 14:43 450

Көкшетауда елордалық онкологтар шеберлік сағатын өткізді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығының хирургтері Көкшетаудағы көпсалалы облыстық аурухананың онкоорталығында шеберлік сағатын өткізіп, өкпе рагі дертімен түскен науқасқа ота жасады.

Мамандардың айтуынша,  жыл сайын 3 мыңға жуық қазақстандық өкпе рагінен көз жұмады. Соңғы елу жылда оның жасарып бара жатқаны байқалады. 

«1949 жылғы пациент сол жақ өкпе рагінің екінші сатысы диагнозы бойынша ауруханаға түскен. Қан аралас жөтелге ұласқан дерпен күресудің жалғыз жолы – ота жасау. Өйткені, мұндай жағдайда науқасқа химия, сәуле терапиясын алу қауіпті. Жаңа хириургиялық технологиялар арқасында сау органдарға зақым келтірмеу басты мақсат болғанымен, бұл үнемі мүмкін бола бермейді. Бастапқыда бронхоангиопластикалық лобэктомия жасау жоспарланған, бірақ ота жасау барысында өкпенің зақымданған тұсы көлемді екенін көрдік, ісік өкпе жасушаларына таралып кеткендіктен, басты мақсат пациенттің өмірін сақтап қалу болды. Әріптестерімізбен дерттің таралу деңгейін алдын ала болжағанымызбен, барлығы біз ойлағандай бола бермейді», – дейді көпсалалы облыстық аурухана онкоорталығының торакальды хирургі Мәрлен Атамбаев.

Ақмолалық дәрігерлер астаналық хирургтердің шеберлік-сыныбы пайдалы болғанын айтады.

«Тәжірибелі онколог Александр Дигай бізге метастаздарды жойып, оның таралуын болдырмаудың жолын тәжірибе жүзінде көрсетті. Бөлімшеде емделіп жатқан пациенттермен кездесіп, ұсыныстарын айтты. Білікті мамандармен мұндай кездесулер біз үшін өте пайдалы, білімімізді жетілдіріп, жаңаша ізденуге, озық технологияларды меңгеруге жол ашады», - дейді Мәрлен Атамбаев.

Оңтүстік Корея, Германия, Славакия елдерінде білімін жетілдірген Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы торакоабдоминальды бөлімінің жетекшісі, онколог-дәрігер Александр Дигай отаның сәтті өткенін атап өтті.

«Өкпе рагіне ота жасау күрделі, әрі қауіпті. Ақмолалық торакальды хирургтер жас болғандарымен, осындай қиын да қауіпті ота жасауға қадам жасағаны қуантады. М.Утекин, А.Мағзамов, М.Атамбаев сияқты білікті мамандарды айрықша атап өтуге болады. Алдағы уақытта дәрігерлердің мұндай күрделі оталарды өздігінен жасауларына мүмкіндіктері жетеді деген сенімдемін. Біз өз тарапымыздан ақмолалық әріптестерімізді қолдауға, осы бағытта бірлесіп жұмыс атқаруға қашанда дайынбыз», - дейді Александр Дигай.

Қазіргі күні дамыған елдердің көбінде өкпе рагі ерлер арасында жиі кездесетін дерт болғандықтан, маңызды медициналық, әлеуметтік-экономикалық проблемалардың қатарында тұр. Жыл сайын өкпе рагінің 1 миллионға жуық жаңа түрі тіркеледі, оның 58 пайызы дамыған елдердің үлесінде. Онкологиялық аурулардың бұлайша таралу себептерін ешкім нақты дәлелдермен түсіндіріп бере алмайды. Мамандар оның пайда болу себебін жан-жақтан іздейді. Тұқым қуалаушылық, нашар экология, құрамында канцерогендері бар тамақ… Оның үстіне пациенттердің көбі ауруы әбден асқынғанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінетінін айтады мамандар.

«Рактың үшінші, төртінші сатысында біз еш көмек көрсете алмаймыз. Тек химия, сәуле терапиясы ғана жүргізіледі. Ал бағасы қымбат тұратын ем обырдың ауыр түріне шалдыққан науқасты дертінен біржолата айықтыра алмайды, тек оның өмірін ұзартады. Сол себепті скринингтерден уақытылы өтіп тұру керек, әр адам өз денсаулығына жеткілікті деңгейде көңіл бөлуі тиіс», - деді торакальды хирург Мәрлен Атамбаев.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық