Көкшетауда 200 орындық инфекциялық аурухана ашылады

8 Қазан 2020, 12:56
1807
Бөлісу:
Көкшетауда 200 орындық инфекциялық аурухана ашылады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда пандемияның екінші толқынына дайындық аясында салынып жатқан модульдік аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы өңір басшысы Ермек Маржықпаевты құрылыс алаңындағы жұмыстармен таныстырған мердігер компания өкілдері мәлімдеді.

Жаңа нысан облыс орталығында заманауи стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін жеке инфекциялық стационардың болмауы мәселесін шешеді деп күтілуде. Биыл ауыр науқастарды қабылдау және емдеу үшін жұқпалы аурулар бөліміне туберкулезге қарсы диспансер қайта бейімделді. 

Екі айға жуық мерзім ішінде 200 орынға есептелген аурухананың құрылысы қарқынды жүрген. Жаңа нысан Қ.Құрманбаев атындағы облыстық фтизиопульмонология орталығының аумағында орналасқан. Бас мердігер – «ВІ Group» құрылыс компаниясы. Жоба жетекшісінің орынбасары Расул Сембаевтың айтуынша, жұмыс кесте бойынша жүруде. Мұнда үш ауысымда 900-ге жуық адам еңбек етеді. 

Ғимарат галереямен қосылған сегіз блоктан тұрады. Корпустарда бокс және жартылай бокс палаталары, реанимация бөлімшесі, қызметтік үй-жайлар болады. Жоспар 80 пайызға орындалды, бұл негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары. Инженерлік желілер тартылды, енді іске қосу-жөндеу жұмыстары қалып отыр. Нысанды пайдалануға беру қазан айының соңына жоспарланған, - деп түсіндірді ол. 

Облыс әкімі қажетті құрал-жабдықтармен, жұмысқа қабылданатын қызметкерлердің біліктілігімен танысты. Мердігер компания базалық медициналық жабдықтар – компьютерлік томографтар, рентген-аппараттарды жеткізу бойынша міндеттемелерді де өз мойнына алып отыр. Сонымен қатар, пациенттерге орталықтандырылған оттегі жүйесімен қамту да ойластырылған. Іргелес аумақ толығымен абаттандырылып, туберкулезге қарсы диспансер мен жаңа стационар арасында жол салынатын болады. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтың айтуынша, қазірдің өзінде мамандарды іріктеу жүріп жатыр. 

Көпбейінді қалалық аурухананың тәжірибелі дәрігерлері, басқа да ниет білдірушілердің түйіндемелері қарастырылуда. Әрине, дайындық деңгейі мен тәжірибе, жаңа буынның медициналық техникасымен жұмыс істеу дағдыларымен сапалы медициналық көмек көрсетілетін болады, - дейді басқарма басшысы. 

Жобаны жүзеге асыруға ел қазынасынан 7 миллиард 185 миллион теңге қаржы тартылған. Коронавируспен күреске 400-ге жуық медицина мамандары тартылады деп күтілуде. 

Бүгінде облыста КВИ дерті бойынша жағдай тұрақты: 136 жағдай тіркеліп отыр. Оның жартысының белгілері жоқ, дәрігерлердің бақылауымен үйде емделеді. Төсек-орынның 15 пайызы ғана пайдаланылуда. Бірақ екінші толқынға 100 пайыз дайын болуымыз керек. Бұл ретте, дәрі-дәрмек қоры мен қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге тиіспіз. Сонымен қатар, қазір маусымдық суық тию кезінде тестілеудің маңыздылығы артып келеді. Зертханалар тұрақты жұмыс істеуі керек, -деп атап өтті Ермек Маржықпаев. 

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша медициналық қызметкерлерге арналған көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленбек.

Өзгелердің жаңалығы