Көкшетау жаңарып, жаңғыру алдында тұр – әкім

11 Ақпан 2020, 13:26
1940
Бөлісу:
Көкшетау жаңарып, жаңғыру алдында тұр – әкім

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Биыл көрікті Көкшетауды танымал туристік брендке айналдыруға айрықша назар аударылмақ. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қала тұрғындарымен өткен есептік кездесуде мәлімдеді.

Бүгінгі таңда Көкшетауды өзге қалалардан ерекшелеп, айбарын асырып, абыройын биіктетіп тұрған сала – қарқынды құрылыс.

Көл жағасындағы ескі үйлер сүріліп, орнына сәулетті үйлер салынып, жағалау жөнделіп, жағажайлар ашылып, ажарланады дегенге осыдан бірер жыл бұрын ешкім сенбеген еді. Қазір ол жоспардың бірқатары жүзеге асып
үлгерді және тоқтаусыз жалғасуда. Бір ғана «Сарыарқа» шағын ауданында 44 үй тұрғызылды. Қаланың туристік әлеуетіне, салауатты өмір салтына, мәдениеті мен спортына елеулі жаңалық ала келер «Болашақ сарайының»
құрылысы басталып кетті. Салынған көпірлер, жөнделген жолдар қала тұрғындарына қолайлылық әкелді. Биыл Красный яр кентінде өте ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмек, - деді Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.

Өңір басшысы қаланың әлі көбірек көңіл бөліп, шұғыл шешуге тиіс мәселелерін де алға тартты.

Облыс орталығы Көкшетау қаласы қашанда барлық талаптар деңгейінен шығып, көш бастап отыруы керек. Қаланың шеткі көшері жөнделіп, жарықтандырылып, су, жылу желілеріне қосылуы тиіс. Күнделікті қолданатын азық-түлік бағаларын реттеуде кемшіліктер бар. Арнайы құрылған штаб белсенді жұмыс жасасын.Мұғалімдер мемлекет
қамқорлығына жауап ретінде оқушылардың білім сапасын көтеруі тиіс. Облыс орталығында дәрігерлер жетіспейді. Бұл мәселені бірнеше жылдан бері шеше алмай келеміз. Білікті дәрігерлердің қаламызға келіп, тұрақты жұмыс жасаулары үшін, оларға арнап 45 пәтерлік көпқабатты үй саламыз, - деді Е.Маржықпаев.
Қалада құрылыс қарқынды жүріп, үйлер, ғимараттар көптеп салынуда. Бірақ, РК-1, РК-2 бу қазандықтарының күші сол нысандардың бәрін жылумен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, оның күшін жетілдіруге арналған жоспар шұғыл жүзеге асуы керек. Қала жұртын көптен алаңдатқан жылу беру орталығының сметалық құжаттарын жасауға екі жыл, салынуына екі жыл уақыт кетпек. Басталған іс аяқталады. Ол да қуаныш. Бірақ, оның іске қосылуын төрт жыл күтуге тура келеді.

Соңғы жылдарғы қалада атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың көз алдында. Биыл күзде Ресей мен Қазақстан президенттері қатысуымен өтетін форумға дайындыққа республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Көкшетау тағы бір жаңару, жаңғыру алдында тұр. Күзге дейін сол қаражатты толық игеріп, құрылыс, абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізуіміз қажет. Ауыз су, газдандыру жоспарлары да тоқтаусыз, жоспарға сай жүргізілуі тиіс, -
деді өңір басшысы. 



Өзгелердің жаңалығы