«Көкмайса» этнофестиваліне 6000-нан астам қонақ қатысты

18 Маусым 2019, 17:53
2442
Бөлісу:
«Көкмайса» этнофестиваліне 6000-нан астам қонақ қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлытау ауданында 14-16 маусым аралығында «Көкмайса» этнофестивалі өтті. Биыл ұйымдастырушылар қонақтар мен қатысушылар үшін ерекше бағдарлама дайындады, деп хабарлады облыс әкімдігінің сайты.

"Біз осы жылы садақ ату, көкпар және қыз қуу сияқты ұлттық ойындарын қостық. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямыз да биылғы жылғы шараның жаңалығы болды. Сонымен қатар Жастар жылы болғандықтан, біз «Алтыбақан әуендері» мерекесін ұйымдастырдық. Фестивальге барлығы 6000-нан астам адам қатысты", - деді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев.

Екінші «Көкмайса» этнофестиваліне қонақтар бүкіл Қазақстаннан жиналды. Шараның ашылу салтанатында жиналған қауым назарына театрландырылған қойылым ұсынылды. «Едіге-тау - ескі жұрт ескерткіші» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда спикер болып Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев сөз сөйледі. Сонымен қатар, конференцияға Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Тілеген Садықов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Өмірбай Бекмағанбетов, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, зерттеуші Едіге Кәмель Жүнісов және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Төрехан Майбас қатысты.

Фестиваль бағдарламасында қолданбалы өнер бойынша байқаулар мен шеберлік сыныптар болды. Қонақтар дәстүрлі түрде дайындалған қымыз мен қазақ асүйінің тағамдарынан дәм татып көрді. Сондай-ақ садақ ату, қатын күрес, аударыспақ, теңге алу, асау үйрету, мешкейлер жарысы, қымыз ішуден жарыс, көкпар, аламан бәйге және қыз қуу ұлттық жарыстары ұйымдастырылды.

Фестивальдің екінші күні дәстүрлі және бард әндерінің байқауы өтті. Дәстүрлі әншілер байқауында Ардақ Мұқышев жеңімпаз атанды. Бард әндері байқауында Еркін Жабағанов жеңіске жетті.
Фестиваль соңында қонақтар мен қатысушылар Ұлытау тауларына экскурсияға аттанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Көкмайса" этнографиялық фестивалі алдағы уақытта да жыл сайын өткізілетін болады. Ол Қазақстанның ұлттық мәдениетін кеңінен насихаттап, көптеген туристерді тартады. 

Өзгелердің жаңалығы