Бас жаңалықтар
Көккөлдің құпиясына туристерді қызықтыру керек
07 Мамыр 2019, 17:04 817

Көккөлдің құпиясына туристерді қызықтыру керек

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елбасының бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына ену жоспарында туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта Жамбыл облысында елеулі істер жүзеге асырылуда. 

Меркі ауданындағы родонды сумен емдейтін 430 орындық «Меркі» және 100 орындық «Ақниет» шипажайларына жыл – он екі ай облыспен қатар, ел аумағынан тұрғындар мен туристер келіп жатады.

«Ауданда 38 монументалдық, сәулеттік және құрылыс ескерткіштері, 9 конақ үй мен «Тұран» демалыс аймағы бар. Мұнда 2017 жылдан бері туризм саласы бойынша 2 жоба іске асырылған. Осыдан екі жыл бұрын кәсіпкер Б.Байдалықызы Көккөл аумағында жобалық құны 50 миллион теңгелік туристерге арналған демалыс және спорт кешенін іске қосты», - дейді Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков. 

Ол кешенде мейрамхана, заманауи үлгідегі фитнес зал және бассейн бар. Көккөл туралы ел арасында алуан түрлі әңгіме көп. Оны «Әулиекөл» деп те атайды. 

«Көккөл – дүниежүзіндегі түбіндегі тастарына дейін жарқырап көрініп жататын тұнық та шөп-шаламнан таза су айдындарының бірі. Жоғары жағында жазық жер бар. Мұнда келушілерге суды ластап, басқа да бейбастық әрекеттер жасауға болмайды. Бірқатар келушілер оны зерттеу үшін дронмен бейнекамераға түсірмек болған. Алайда, қанша әрекет етсе де ол ұшпай қойған», - дейді жергілікті тұрғындар. 


Оған шомылуға да көп адамның жүрегі дауаламайды екен. Табиғаттың осы бір таңғажайып туындысын көрген де, көрмеген де арманда. Бұл жерге әзірге жол салынбаған. Онда жол талғамайтын көліктермен ғана жетуге болады. 

«Былтыр жеке кәсіпкер А.Түйтебаева жобалық құны 50 миллион теңге тұратын ағаш бөренелерден құрастырылған екіқабатты үш үйдің құрылысын бітірді. Сондай-ақ ол «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен 3 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, сол демалыс үйлерінің аумағынан «Панда саябағы» жобасын жүзеге асырды. Көркіне көз тоятын, сәулеті мен келбеті ерекше бұл нысанға келушілер аз емес», - дейді Мейірхан Өмірбеков. 

Меркі ауданы әкімінің сөзіне қарағанда, аймақта былтыр Қазақстан Туристік Ассоциациясы өкілдері тарапынан эко және агро туризмді дамыту бойынша 3 бизнес-тренинг өткен. Сондай-ақ «Меркі – Көккөл – Сандық» экспедициясын ұйымдастырып, шетелден келген туристерге киелі жерлерді насихаттау үшін туристік бағыт және бейнероликтер әзірленуде.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...