Бас жаңалықтар
Вице-министр көпбалалы отбасыларға қандай баспана қарастырылып жатқанын айтты
05 Наурыз 2019, 13:07 398

Вице-министр көпбалалы отбасыларға қандай баспана қарастырылып жатқанын айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев көпбалалы отбасыларға баспана бөлу үшін арнайы жоспар әзірленіп жатқанын айтты.


Өскенбаев қазір ИИДМ-де бірнеше механизм әзірленіп жатқанын жеткізді.

«Біз бір шаршы метр үшін 140 мың теңге деп жобалап, есептедік. Бұл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында, біз бастапқыда тұрғын үй аумағы параметрлерін бекіткіміз келді. Одан кейін ұсыныстар келіп түсті, мәселен жергілікті атқарушы органдар: «егер бір пәтер үшін белгілі бір бағаны бекітсеңіздер, біз әкімдіктердің өздеріне шешім қабылдауға мүмкіндік береміз» деді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында негізгі параметрлерді біз наурызда бітіреміз. Мен қазір нақты әрі соңғы шешімді айтып отырған жоқпын», - деді Өскенбаев Үкіметтің баспасөз мәслихатында. 

Бұған қоса, вице-министрдің айтуынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көпбалалы отбасыларды бюджеттік несиелеу бойынша инвестициялық бағдарламаны әзірлеуге кірісті.

«ТҮҚЖБ баспананы 20 жылға 2 пайызбен беруге дайын екенін мәлімдеді. Біз 20 немесе 25 жыл ма, соны әлі қарап жатырмыз. Бастапқы жарнаға қатысты айтсам, біз тұрғындарға қолайлы болу үшін түрлі механизмдерді қарастырудамыз. Мәселен, адамдардың пәтерде тұрып, соның несиесін төлеуге ақша жинау мүмкіндігін беру жағын қарап жатырмыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Еске салсақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» съезінде аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтуды тапсырған болатын.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Сізден жаңалық