Көкшетау университетінде жас мемлекеттік қызметшілер мектебі ашылды

14 Қараша 2019, 21:29
3760
Бөлісу:
Көкшетау университетінде жас мемлекеттік қызметшілер мектебі ашылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде Ақмола облысының жас мемлекеттік қызметшілер мектебі ашылды.

Мектеп мемлекеттік қызметке ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеттері бар талантты, сауатты, білімді, жауапты жастарды тартуға, сондай-ақ оларға мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдыларын беруге бағытталған.

бес.JPG
Біз мектептің жұмысын мемлекеттік қызмет жүйесіне жоғары білікті, құзыретті, келешегі зор кадрларды даярлау алаңы ретінде құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде сіздер пайдалы дағдыларға ие болып, мемлекеттік аппараттың жұмысымен таныса аласыздар. Бұдан әрі мемлекеттік органдарда тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие боласыздар. Біздің міндетіміз – сіздерге болашақ қызмет түрін таңдауға көмектесу, лайықты орынға ие болып, мемлекетіміз бен қоғамымыз үшін пайдалы болуға жәрдемдесу, - деді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысы Берген Беспалинов.
22.JPG

 Студенттер үшін кіріспе дәріс өткізіліп, оларға мемлекеттік қызметтің негізгі аспектілері, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері, мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығы, "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде білім алу мүмкіндіктері және президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру туралы айтылды.

Университет президенті Сағынтай Елубаев өз сөзінде аталған мектепте оқудың университет студенттері үшін табысты жұмысқа орналасуға тамаша мүмкіндік екенін, болашақта өз ісінің шебері болуға, халықтың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыруға көмектесетінін атап өтті.

Айта кету керек, мектептің жұмысының екі бағыты бар. Біріншісі - мемлекеттік қызметке түсу үшін қажетті білім мен жеке қасиеттерді кеңейту. Екіншісі - мамандық бойынша мемлекеттік мекемелерде бітіруші курс студенттерінің тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету. Оқыту курстары мемлекеттік қызметшілерді, тәжірибелі практиктерді, оқытушыларды, психологтарды және бизнес-тренерлерді жұмылдыру арқылы жүргізіледі.


   

Өзгелердің жаңалығы