IT-Университет. Алғашқы жылы 1000 студент қабылдайды

19 Наурыз 2019, 20:12
2669
Бөлісу:
IT-Университет. Алғашқы жылы 1000 студент қабылдайды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астанада ЭКСПО көрме аумағында БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті. Шара барысында көрме құрылысын қайта жобалау аясында құрылған арнайы орталықтарды таныстырды.

Солардың бірі - IT-Университеті.

Елімізді цифрландыру әлеміне кіріктіретін тағы бір қуатты күш. Университет «Carnegie-Mellon» және «Singularity University» сияқты озық технологиялық университеттермен арадағы ынтымақтастықтың нәтижесінде құрылып жатыр. Қазақстанның цифрлы салаларына қажетті жоғары білікті мамандар инновациялық қарқынды бағдарламалар бойынша оқытылады.

«Жаңа университет ақпараттық теxнологиялар саласындағы әлемнің үздік жоғары оқу орындарымен бірлесіп ашылады. Ол жерде маман даярлаудың екі бағдарламасы болады. Бірінішісі - жедел инновациялық бағдарлама, ал екіншісі - қайта даярлау бағдарламасы. IT-университет төрт мектептің негізінде жұмыс істейді. Олар - киберқауіпсіздік (cyber security), компьютерлік ғылым (computer science), индустриалдық инжиниринг және IT менеджмент», - дейді Замир Ибраев.

IT және жаңа теxнологиялар департаментінің бас менеджері Замир Ибраевтың айтуынша, IT-университет Халықаралық павильонның С-1 блогында орналасады. Қайта құру жұмыстары аясында оның ауданы 24 мың шаршы метрден 35 мың шаршы метрге дейін кеңейтіледі. Барлық жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Енді, ол университет мемлекеттік жоғары оқу орны болады. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігі өзі анықтайды. Гранттар бөлінеді. Басқа университеттер сияқты оқытатын шығар. Бастапқыда 1 мыңға дейін адам қабылданады. Одан кейін студенттердің саны 2 500-ге дейін артады деген жоспар бар. Себебі, ғимараттың сыйымдылығы соған жетеді», - деп атап көрсетті З.Ибраев.

«Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі

Бұл жобаны Американың атақты Кремний алқабының отандық баламасы деуге болады. Бұл жерде «made in Kazakhstan» брендімен шығатын инновациялық технологиялар мен стартаптардың дамуы үшін тамаша жағдайлар жасалған. Технопарк Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамытатын локомотив пен орталық күшке, сондай-ақ ІТ-бизнесті дамыту үшін халықаралық қауымдастық мойындаған хабқа айналуы керек.

 



Өзгелердің жаңалығы