Ит пен мысықты серуендету ережесін бұзғандарға 30 мың теңгедей айыппұл салынуы мүмкін

27 Қазан 2021, 12:45
3519
Бөлісу:
Ит пен мысықты серуендету ережесін бұзғандарға 30 мың теңгедей айыппұл салынуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

Қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабында қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау, серуендету, аулау және жою ережелерін бұзғаны үшін 3-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Сонымен бірге бұл бапта қаңғыбас жануарларды аулау, жануарларды есепке алу және өлтіру кезіндегі мұндай бұзушылықтар қамтылмаған және жануарларға қатыгездік жасағаны үшін жеке бап болған жоқ, - деп айтты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Ол осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы ілеспе заң жобасы жануарларға қатыгездікпен қарау және үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, жансыздандыру қағидаларын бұзуға арналған жекелеген баптарды бөлу бөлігінде пысықталғанын атап өтті.

Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасының 407-1 баптарында жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін жеке тұлғаларға 5-тен 20 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғаларға 10-нан 40 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген. 407-2-баптың ұсынылған редакциясында үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, жансыздандыру ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10-нан 20 АЕК-ке дейін, лауазымды тұлғаларға 20-дан 30 АЕК-ке дейін, заңды тұлғаларға 30-дан 40 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған, - дейді Серікқали Брекешев.

Заң жобасын әзірлеу кезінде айыппұл мөлшерін анықтау бойынша халықаралық тәжірибе ескерілді. Мәселен, Германияда жануарларды серуендету тәртібін бұзғаны үшін айыппұл 68 еуроны құрайды, бұл 33 мың теңгеге тең. Ресей Федерациясында 15 мың теңгеге тең айыппұл қарастырылған.



Өзгелердің жаңалығы