Қарағандыда ит иесін талап тастады

4 Ақпан 2019, 08:35
4876
Бөлісу:
Қарағандыда ит иесін талап тастады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда қабаған ит иесіне шабуылдап, қауып алған. Ит талап, қансыраған әйелді құтқармақ болған отбасы мүшелері питбульдың бірнеше жерінен пышақ салуға мәжбүр болады. Жантүршігерлік оқиғаға үйдегі 3 жасар бала куә болған.

Қарағандылықтардың жағасын ұстатқан жағдай 2 ақпан күні орын алды. 6 жасар питбуль отбасындағы әйелге шабуылдап, дене жарақатын салған. 21 жастағы келіншекті күйеуі иттің тісінен арашаламақ болып айғайлап, үркітіп, ұрғанымен түк шықпаған. Келінінің денесінен аққан қанды көрген енесі ас үйден пышақ ала жүгіріп, иттің бірнеше жерінен сұғып алады. Осыдан кейін ғана қабаған питбуль иесін жіберген. Ит талаған келіншек дереу ауруxанаға, ал жарақат алған итке тұмылдырық кигізіліп, ветеринарлық клиникаға жеткізіледі.

Қарағандыда ит иесін талап тастады

«Ер адам жарақат алған итті ветеринар дәрігерлерге әкеліп, оны жолдың шетінен тауып алғанын айтқан. Алайда кейінірек белгілі болғандай питбульдың иесі осы ер адам болған. Ит ветеринарларға әкелінгенге дейін көп қан жоғалтқан. Ол біраз уақыттан кейін алған пышақ жарақатының әсерінен көз жұмды», - дейді «Верный друг» жануардарды қорғау қоғамдық қозғалысының өкілдері.

Белгілі болғандай иттің отбасы мүшесіне шабуылдауына қызғаныш себеп болуы мүмкін. Жануарларды қорғау қоғамдық бірлестігінің өкілдері болса тұрғындардан ит асырып алмас бұрын, бұның үлкен жауапкершілікті талап ететін іс екендігін түсінуге шақырады. Оның ішінде питбуль сияқты иттерге кәсіби мамандардың жаттықтырулары аса қажет.

 

Жібек Мұқашева

 

 

Өзгелердің жаңалығы