Шетелде істі болған мыңға жуық қазақстандық бар

21 Ақпан 2019, 10:58
1999
Бөлісу:
Шетелде істі болған мыңға жуық қазақстандық бар

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Владимир Волков Парламенттің жоғарғы палатасы отырысында осындай мәлімет берді.

«2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанға әлемнің 195 мемлекетінен 6 млн 800 мың шетелдік азамат келген. Бұның ішінде 616 Иордания азаматы бар. Қазақстандықтар да шетелге жиі шығады. Азаматтар шетелде жүргенде түрлі жағдайға тап болады. Өкінішке қарай, тек жағымды жағдайға тап бола бермейді. Осыған орай, бұл қатынастарды құқықтық реттеу қажеттілігі артады. Бүгін қаралып отырған келісім шетелде жүрген азаматтарымызды қорғауға кепілдік береді. Сол кепілдік формаларының бірі – қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек», - деді Владимир Волков.

Сенатордың айтуынша, қазір ресми статистикалық мәліметке сай 947 Қазақстан азаматы шетелде сотталған. Ал 1169 шетелдік азамат Қазақстанда сотталған. Олардың барлығы құқықтық көмекке мұқтаж.

Осыған байланысты бүгін Сенат отырысында «ҚР мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы қабылданды. Атап өтсек, еліміздің басқа да көптеген елмен осындай келісімі бар.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Өзгелердің жаңалығы