Испекторлар Ираннан келген 425 тоннаға жуық жеміске шектеу қойды

10 Наурыз 2020, 12:02
1319
Бөлісу:
Испекторлар Ираннан келген 425 тоннаға жуық жеміске шектеу  қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары ағымдағы жылғы 17-24 ақпан аралығында Ресей Федерациясы мен Иран Ислам Республикасынан елімізге 560 тонна фитосанитарлық қауіптілігі жоғары өсімдік өнімдерін заңсыз алып кірудің 26 фактісін анықтады.

РФ-нан фитосанитарлық сертификатсыз Қазақстанға 54 тонна сәбіз, 10 тонна қырыққабат, 40 тонна картоп және қызылша, 20 тонна бидай, 19,5 тонна жеміс, сондай-ақ 2 мың бірлік гүл өнімдері және Ираннан ел нарығына фитосанитарлық сертификаты жоқ 174 тонна алма және 249 тонна кептірілген жеміс кіргізілмек болған.

Өсімдіктер карантині саласындағы заңнамалардың талаптарына сәйкес аталған өнімдер Қазақстан аумағына тасымалдауға тиым салынған. Кінәлі адамдар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, бұған дейін АШМ мемлекеттік инспекторлары Ресей Федерациясынан манго өнімдері мен АҚШ-тан миндаль жаңғағын Қазақстанға кіргізбегенін айта кету керек.

Атап айтқанда, Ресейден Қазақстанға фитосанитарлық сертификатсыз 2 тонна күнжіт тұқымы, 20 тоннадан астам грек жаңғағы, құрма және кептірілген манго, 39 тонна картоп, 67 тонна күнбағыс және 58,5 текше метр кесілген ағаш кіргізілмек болған.

Сондай-ақ, жарамсыз фитосанитарлық сертификатпен 2,3 мың тонна арпа алып келу фактісі анықталған.

Жүктің қауіпсіздігін растайтын фитосанитарлық сертификатсыз республиканың мемлекет шекарасына Вьетнамнан 23,4 тонна кофе дәндері және АҚШ-тан 86,6 тонна миндаль жаңғағы алып келінген.

Өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарына сәйкес аталған өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағына кіргізуге тыйым салынған, айыпты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, ҚР АШМ мемлекеттік инспекторлары ел аумағына қаптама таңбалары жоқ Өзбекстаннан келген 23 тоннадан астам жеміс, оның ішінде 6 тонна анар және 30 тонна сәбіздің кіруіне тыйым салды.

Өзгелердің жаңалығы