Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының штаб-пәтері ашылды

12 Желтоқсан 2019, 22:57
3443
Бөлісу:
Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының штаб-пәтері ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылғы 11 желтоқсанда "Астана" халықаралық қаржы орталығының ғимаратында Нұр-Сұлтан қаласында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) штаб-пәтерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты рәсімге ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков, АҚИҰ Бас директоры Ерлан Байдәулет, сондай-ақ Бангладеш, Буркина-Фасо, Гамбия, Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшы қызметкерлері және Қазақстанда аккредиттелген ИЫҰ мүше елдердің елшілері қатысты.

Ш.Нұрышев өз сөзінде Қазақстан АҚИҰ қызметіне және осы Ұйымның мүшелік құрамын кеңейту бойынша жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

Іс-шара аясында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен АҚИҰ арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Осы күні АҚИҰ штаб-пәтерінде АҚИҰ Атқарушы кеңесінің кезекті 4-отырысы ашылды, онда кездесуге қатысушылар ұйымның ИЫҰ-ға мүше елдердің Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы практикалық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған ағымдағы қызметі талқыланады, - делінген СІМ хабарламасында.

Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында АҚИҰ құру туралы бастама Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. 

Қазіргі уақытта Ұйымның құрамына Ислам әлемінің 34 мемлекеті кіреді және оның қызметі Ауыл шаруашылығы мен Азық-түлік әлеуетін дамыту саласында мұсылман әлемінің күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы