Іс-шара кезінде тікелей эфир өткізді. Карантин бұзушылар жауапқа тартылды

2 Тамыз 2021, 13:50
3770
Бөлісу:
Іс-шара кезінде тікелей эфир өткізді. Карантин бұзушылар жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада демалыс күндері қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Алайда кейбір кафе мен мейрамхана бұл шектеулерді елемей отыр. Карантин талаптарын бұза отырып, есігін жауып алып жұмыс істейді. Ал келушілер тіпті осындай «жиындардан» тікелей эфир жүргізеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында 1 тамызда тәртіп сақшылары Бауыржан Момышұлы даңғылында орналасқан «Какие люди» ресто-барын анықтады, ол сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынғанына қарамастан келушілерді қабылдаған. Тексеру барысында мониторинг тобы ақпаратты растады.

Лаундж-бардың ішінде жұртшылық караокемен ән айтып, көңіл көтерген, сол сияқты әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимі сақталмаған әрі сауық кештен әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізілген.

Мекеме иесіне қатысты жиналған материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға жіберілді.

Мониторингтік топтар күн сайын кәсіпкерлік нысандары арасында карантин бұзылғанын анықтайтынын атап өткен жөн. Демалыс күндері олардың саны артып кетеді. Қала тұрғындары карантиндік шектеулерге қарамастан ойын-сауық мекемелеріне барудан бас тартпайды.

Мобильді топтар демалыс күндері 155 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, 40 нысанда карантин бұзылғанын анықтады.

Карантинді қатайтуға және бірқатар нысанның жұмысын шектеуге эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы мен коронавирус ауруының өсуі себеп болып отыр. Азаматтар тек өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығын ойлауы қажет. Жұрт бұқаралық, салтанатты іс-шараларға, туған күндерге, сол сияқты адам көп жиналатын орындарға бармауы керек.

Өзгелердің жаңалығы