Татулық пен тыныштықтың саясында әр азамат болашағына сеніммен қарайды

21 Сәуір 2019, 11:57
2136
Бөлісу:
Татулық пен тыныштықтың саясында әр азамат болашағына сеніммен қарайды
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Достық пен ынтымақта ғұмыр кешіп жатқан елдің тұрғыны болғаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVII сессиясы қарсаңында Қызылорда облыстық «Wiedergeburt» неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ирина Шек осылай ағынан жарылды.

Ирина Шек Отаны Қазақстанға деген сүйіспеншілігін айтып берді.

"Менің ұлтым - неміс. Ресейде дүниеге келгеніммен менің барша саналы өмірім Қазақстанда өтуде. Сондықтан, Қазақстан - менің Отаным, өз үйім. Жиырма жылдан астам уақыттан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесімін. Қазіргі таңда Қызылорда облыстық "Жаңару" неміс этномәдени бірлестігіне жетекшілік етемін. Сыр өңірінде небары 160 неміс өмір сүріп жатыр. Бізді ешкім ешқашан алалаған емес, қысым да көрмеппіз. Кемшілік емес, бірыңғай кеңшілік көріп келеміз", - дейді Ирина Шек.

Оның айтуынша, қазақтар, өзбектер, корейлер, немістер, татарлар және өзге де этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ортақ шаңырағымыздың тұтастығы мен бірлігінің берік нығаюына, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына өз үлестерін қосып келеді.

"Мен өзімді бақытты сезінемін. Себебі, достық пен ынтымақта ғұмыр кешіп жатқан, әртүрлі дәстүр мен мәдениетке, оның өкілдеріне және бір-біріне құрмет қалыптасқан елде - Қазақстанда тұрамын. Осыдан-ақ адамдардың қандай жағдайда бақытты болатынын терең түйсінесің. Яғни Отанның тыныштығы, халық татулығының саясында ғана әрбір азамат келешегіне сеніммен қарайды", - деді неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Ирина Шек биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына қатысуға мүмкіндік туғанына дән риза.

"Жалпы, жыл сайын Ассамблеяның сессиясы, Қазақстан бірлігі күні қарсаңында жүректегі қуаныш сезімі еселене түсетін. Бұл жолы да солай болатынына шүбә жоқ. Өздеріңіз білесіздер, биыл Жастар жылы. Санаулы күндерден кейін өтетін Ассамблеяның сессиясына жастар көптеп жиналады деп ойлаймын. Олар елдің бірлігін сақтаудағы шаралардың байыбына бару керек. Елбасы үміт артқан жастар туған жерінің, құтты қонысының көркеюіне атсалысуы тиіс. Негізі, сессиядан көп жаңалық күтеміз. Өйткені, басқосуда атқарылған істерді саралап қана қоймай, санаға соны серпіліс әкелетін ойлар, бастамалар айтылады, алдағы мақсат-міндеттер айқындалады", - деп атап өтті И.Шек.

Өзгелердің жаңалығы