Ірі кәсіпорындар қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға көмектесе бастады

29 Сәуір 2019, 13:35
3217
Бөлісу:
Ірі кәсіпорындар қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға көмектесе бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ірі компаниялардың жұмыс берушілері өз қызметкерлерінің «7-20-25» бағдарламасы арқылы үй алуына көмектесе бастады, деп хабарлады «Баспана» ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі. 

Болжам бойынша 2019 жылдың соңына дейін ірі бизнес өкілдері 5 мыңнан астам жұмысшыға алғашқы жарнаны жинау кезінде қолдау білдіреді.

Қазіргі кезде ERG өз қызметкерлеріне 5 жылға жылдық 0,1%-бен қарыз беру арқылы бастапқы жарнаның жартысын ұсына бастады. Бұл ретте кәсіпорынның өзі қызметкерге кепілгер болады, ол өз кезегінде банктің еш қиындықсыз өтінішті мақұлдауына сеп болмақ. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы өзінің қызметкерлеріне бастапқы жарнаға шамамен 100 млн теңге бөлді. «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін қызметкерлерін қолдауды ірі павлодарлық кәсіпорындар - "KSP-Steel" ЖШС пен "УПНК" ЖШС жоспарлап отыр.

«Мұғалімдерге, дәрігерлерге және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша әкімдіктердің көмегімен қатар жергілікті жерлерде ірі бизнес өкілдері өз қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік бастамаларын іске асыруда. Қазақстан өнеркәсібінде 600 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл жұмыспен қамтылған жандардың саны бойынша ең үлкен сала. Біз өнеркәсіп саласының қызметкерлері «7-20-25» бағдарламасына негізгі қатысушы болатынына кәміл сенеміз», - деді «Баспана» ипотекалық ұйымы басшысының орынбасары Дархан Байқуатов.

Өз кезегінде, «Баспана» ипотекалық ұйымы ірі және орташа кәсіпорындарға «7-20-25» бағдарламасына қатысушы банктермен жұмыс істеу кезінде қажетті консультациялық және ұйымдастырушылық көмек көрсетуге дайын.

                                                                              

Өзгелердің жаңалығы