Иран президенті Тоқаевты Тегеранға ресми сапармен келуге шақырды

20 Мамыр 2020, 17:35
1932
Бөлісу:
Иран президенті Тоқаевты Тегеранға ресми сапармен келуге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Тараптар қазақ-иран қатынастарының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Хасан Рухани Иран тарапының Қазақстанмен тауарайналымын арттыруға мүдделі екенін атап өтіп, "Қазақстан-Түрікменстан-Иран" темір жолының, сондай-ақ, Каспий теңізі арқылы өтетін мультимодальді дәліздердің әлеуетін тиімді пайдаланудың өзектілігіне тоқталды, - делінген хабарламада.

Осы орайда Иран тарапы жүк тасымалын ұлғайту мақсатында аталған көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірлескен жұмыстардың маңызды екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты экономикалық байланыстарды жандандырудың нақты шараларын үкіметтер деңгейінде әзірлеуді ұсынды.

Мемлекеттердің COVID-19 індетіне қарсы күреске қатысты қабылдаған шараларына ерекше назар аударылды.

Иран президенті індеттің таралуын болдырмау жөніндегі Қазақстан басшылығының қабылдаған шешімдері мен атқарған іс-қимылдарын, сондай-ақ, халық арасында кең ауқымда жүргізілген коронавирусты анықтау жұмыстарын жоғары бағалады.

Әңгіме соңында Хасан Рухани Қасым-Жомарт Тоқаевты Тегеранға ресми сапармен келуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы