Интернет сайттардың міндеті тек ақпарат тарату емес – Балаева

5 Қараша 2021, 10:55
952
Бөлісу:
Интернет сайттардың міндеті тек ақпарат тарату емес – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Qazforum қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың форумында айтты.

Бұған дейін қоғам тарапынан медиа өлшеу жүйесін жетілдіру туралы ұсыныстар айтылған болатын. Осы орайда, біз осы айдан бастап министрліктің сайтында заманауи IP технологияларды пайдалана отырып, жаңа жүйені іске қостық. Оның негізінде қызығушылық танытқан кез келген азамат барлық қазақстандық телеарна мен бағдарламаның рейтингтерін live-режимде көре алады, - деді министр.

Балаеваның сөзінше, қазір отандық контентті қараушылар үлесі үлкен қарқынмен өсіп келеді. 

Бүгінгі таңда Қазақстан медиа  нарығындағы шет елдік және отандық арналар рейтингісінде үздік ТОП ондықты біздің отандық телеарналар иеленді. Мұның өзі біздің ұлттық теле өнімдердің бәсекеге қабілетінің жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінгі ғаламдық цифрландыру заманында интернет әлемдік дәстүрлі медианың өзгеруіне зор ықпал етіп жатқаны белгілі. Бұл әсіресе былтыр орын алған пандемия кезінде айқын білінді, - деп айтты министр форумда.

Ақпарат министрі атап өткендей, түрлі әлеуметтік желілер, WhatsApp, телеграм-арналар, YouTubeпен ТikТок қосымшалардан тараған жалған ақпараттардан қоғамда «инфодемия» мәселесі  өзекті тақырыпқа айналды. 

Сол себепті біз дер кезінде шешім қабылдап, Stopfake.kz порталын іске қостық. Қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын сайт бүгінге дейін қоғамды әбігерге салған 2 мыңға жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды. Соңғы аптадағы сайттың қаралымы 66 мыңнан асады, - деді ол.

Айтуынша, бүгінгі журналистер «фактчекинг» талабын үнемі есте ұстауы қажет. Себебі интернет сайттардың міндеті тек ақпарат беру емес. Интернет – жалпы қоғамдық пікір қалыптастыратын ықпалды құрал.

Өзгелердің жаңалығы