«Интернет психологиясы», «Бастауыш мектеп мұғалімі»: Қазақ тіліндегі жаңа оқулықтар

22 Қыркүйек 2021, 13:33
2949
Бөлісу:
«Интернет психологиясы», «Бастауыш мектеп мұғалімі»: Қазақ тіліндегі жаңа оқулықтар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы аударылған жаңа кітаптар туралы айтты.

Ол атап өткендей, «Ұлттық аударма бюросы» әлемнің ең беделді, әрі танымал ғылыми орталықтарымен байланыс орнатты.

Дүние жүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бағдарламалары зерттеліп, қолданыстағы ең жақсы деген оқулықтарға қол жеткізу үшін Гарвард, Кембридж және Оксфорд университеттерінің баспалары, «Sengage», «Pearson», «McMillan», «Penguin» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен қоян-қолтық жұмыс істедік, - деді бюро директоры.
Брифинг барысында Рауан Кенжеханұлы жоба аясында аударылған оқулықтар туралы айта кетті.

Философия

Бірінші кезекте батыс пен шығыстың интеллектуалдық тарихын бірдей қамтыған философия топтамасын атау қажет. Мұнда атақты Бертран Расселдың «Батыс философиясының тарихы», Энтони Кеннидің 4 томдық жинағы, Сократтан Деридаға дейінгі философияның қысқаша тарихы, Ислам философиясы мен классикалық араб ойшылдарының антологиясы, Жапон, Үнді және Қытай философиясы толық қамтылды. Шығысты батысша танудың сырын ашқан Эдуарт Саидтың «Ориентализмі» ғылыми ортада ерекше талқыланып, бірнеше анайы курсқа негіз болды.

Әлеуметтану және психология топтамасы

Ритцердің Әлеуметтану теориясы, Майерстің Әлеуметтік психология оқулығын, Элиот Аронсонның (The Social Animal) «Көпке ұмтылған жалғыз» атты еңбегін, Шульцтың «Қазіргі психология тарихы» аударылды. «Халық саны және қоғам: демографияға кіріспе», «Интернет психологиясы» оқулықтары бұрын бізде болмаған жаңа пәндерге негіз қалады.

Тіл білімі және әдебиеттану

Аударылған оқулықтар қатарында Стивен Пинкердің (The Language Instinct) «Тіл – инстинкт», Виктория Фромкиннің «Тіл біліміне кіріспесін» және Майкл Райанның 5 томдық «Әдебиет теориясы» атты жинағы бар.

Экономика, менеджмент және кәсіпкерлік топтамасы

Микро және макроэкономика, Грегори Мэнкьюдің «Экономиксі», Филип Котлердің «Маркетинг принциптері», «Стартегиялық менеджмент», «Ұйымдық мінез-құлық», «HR менеджмент» пен «CRM: тұтынушымен қарым-қатынас менеджменті», «Кәсіпкерлік», «Жеке қаражат», «Мемлекеттік қаржы», «Көшбасшылық теориясы мен практикасы», «Халықаралық бизнес», «Нәтижелі келіссөз: алғышарты мен амалдары» және осы бағыттағы басқа да бірқатар оқулықтар қазақ тілінде алғаш рет шықты. Соның арқасында қазақстандық бизнес-мектептер тұңғыш қазақ тіліндегі MBA бағдарламасын ашуға мүмкіндік алды.

Тарих, антропология және дінтану

МакГроХил баспасы дайындаған адамзат тарихын толық қамтыған, екі томдық «Панорама: дүниежүзі тарихы», «Тарихи білім пәні мен зерттеу әдістері», «Антропология тарихы мен теориясы», Энтони Смиттің «Ұлттың этностық тамыры» атты зерттеуі, сондай-ақ, Керон Армстронгтың әлемге әйгілі (History of God) деген еңбегі қазақша «Құдайтану баяны» деген атпен алғаш рет шықты.

Шығармашылық жән өнер бағыты

Оқу орындардың талабы бойынша жобаға осы салаға қажетті бірқатар маңызды оқулықтар қосылды. Атап айтсақ, әлемдік бестселлер қатарындағы Эрнст Гомбрихтың (The Story of Art) «Өнер тарихы», Кембридж баспасының «Өнер философиясы» мен 2 томдық «Әлемдік музыка тарихы» аударылды. Соның арқасында көптеген әлемдік өнер және музыка жауһарлары алғаш рет қазақша атау алды, сипатталып, талданды. Сонымен бірге, театртану, кино теориясы мен тарихы, сценарий жазу, режиссура негіздері, этика теориясы мен қазіргі мәселелері, Боревтың «Эстетикасы» және Юрий Лотманның «Семиосферасы» аударылып, ана тіліміздегі өнер және әсемдік туралы танымның көкжиегі едәуір кеңейді.

Білім беру мазмұны мен әдістемесі

«Пирсон» баспасының «Оқыту теориясы» оқулығы, «Цифрлы педагогика: 21 ғасырдағы оқыту дизайны», «Бастауыш мектеп мұғалімі», «Рефлективті оқыту» атты оқу құралдары қамтылды. Содай-ақ, білім беру және басқа да әлеуметтік ғылым салаларындағы зерттеудің сандық және сапалық әдістері, зерттеуге қажетті статистика негіздері және әлеуметтік жұмыс тәжірибесіне арналған оқулықтар аударлып, қазақстандық академиялық айналымға кірді.

Медиа саласы

Медиа этика, қазіргі журналистика мен дәстүрлі және жаңа медиа үшін мәтін жазуға арналған оқулықтар қамтылды.

Құқықтану бағыты

Ағылшын заңының қоланысқа кіре бастауына орай ағылшын заңына сәйкес азаматтық іс жүргізу, сот өндірісі, медиация және арбитраж, келісімшарт ережелері, сондай-ақ 3 томдық «Интеллектуалдық меншік құқығы», әлемге әйгілі маман Малкольм Шоның 2 томдық «Халықаралық құқық» жинақтары аударылды.

Саясаттану

Мазмұндық және идеялық бейтараптық қағидаларына сүйене отырып бірқатар саясаттану оқулығы таңдалды. Соның ішінде саясат философиясы, қазіргі дипломатия, мемлекеттік саясат және Эндрю Хейвудтың «Саясаттануы» аударылып, басылды.

Сөздік

Аударылған 100 оқулық аясындағы ғылыми терминдер мен ұғымдар негізінде 4 жаңа сөздік құрастырылды. Олар: «Әлеуметті ғылымдар сөздігі», «Экономика сөздігі», «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» және Оксфорд университеті баспасымен бірге дайындалған «Oxford Qazaq Dictioanry» атауымен шығатын 500 мың сөз бен сөз тіркесін қамтитын үлкен «Ағылшын-қазақ және қазақ-ағылшын Оксфорд сөздігі».

Жаңа оқулықтар университет оқытушылары мен студенттері тарапынан жақсы қабылданып, ғылыми ортада оң бағасын алуда, - деп қорытындылады Рауан Кенжеханұлы сөзін.

Өзгелердің жаңалығы