Инклюзивті білім: Түзету кабинеттеріне қалай кезекке тұруға болады?

15 Қыркүйек 2021, 10:47
12054
Бөлісу:
Инклюзивті білім: Түзету кабинеттеріне қалай кезекке тұруға болады?
Мақала

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл инклюзивті білім беру туралы заңға өзгерістер енгізілді. Осы ретте мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында мүмкіндіктері шектеулі балаларға сапалы білім беру қызметтерін ұсынудың қандай жаңа тәсілдері әзірленгені туралы білдік.

Арнайы және инклюзивті білімді дамыту бойынша ұлттық практикалық орталықтың басшысы Әйгерім Кудеринова инклюзивті білім беру саласындағы жаңашылдықтар туралы айтып берді.

Айтуынша, орталық Үкіметтің қаулысымен 1992 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

Инклюзивті білім беру жүйесі бойынша жыл сайын орталық әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеп, сайтқа орналастырады. Биыл министрлік педагог-ассистентті енгізгеннен кейін бұйрықта оның функционалын, рөлін нормативтік-құқықтық актіде белгілеп, оны мектептерге берді. Бұл біріншіден. Екіншіден, инклюзивті білім беруге қатысты заң шықты. Ол бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Өйткені заң аясында білім беру ұйымдарына мүмкіндігі шектеулі бала келген уақытта типтік бағдарламаларды сол балаға арнайы біліміне, денсаулығына, мүмкіндігіне сай өзгертуге болады. Бұл құқық білім беру ұйымдарына енгізілді, - деді директор.

Сонымен қатар заңның аясында балаларға оқу барысында психологтық-педагогикалық сүйемелдеу жасалады. Бұл бұйрық енді шығады. Министрлік оны әзірлеп жатыр.

Инклюзивті білім: Түзету кабинеттеріне қалай кезекке тұруға болады?

Одан бөлек, ерекше білім беруді қажет ететін балалар дейміз, бірақ қандай білім беруді қажет ететінін білім беру ұйымдарында қарап, белгілейді. Балаға не қажет, мүмкін бағдарламаны өзгерту немесе арнайы орта, оқулық керек пе? Осының бәрі заңда бар. Енді министрлік біздің орталықпен бірлесіп, осы бұйрықтың жобасын әзірлеп жатыр. Ол білім беру ұйымының шеңберінде баланың ерекшелігін, білім алу кезінде қандай қажеттіліктерін барын анықтап барып қана әзірленіп, бекітіледі, - деп айтты Әйгерім Кудеринова.

Орталық басшысының айтуынша, биыл былтырға қарағанда инклюзивті білім беру саласында көптеген жаңалық, нұсқаулық шығып жатыр. Онымен қоса педагог-ассистентті де айта кету керек.

Біздің орталық мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейді. Олардың саны 161 мыңнан асады. Бұрын заңда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санатына тек қана оқу барысында денсаулығына байланысты қиындық көретін балалар ғана жататын. Ал биыл заң халықаралық тәжірибені ескере отырып, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санын кеңейтті, - деді ол.

Инклюзивті білім беру саласында қандай мәселелер шешімін таппай отырғанын айтты.

Мүмкіндіктері шектелген балаларға тек білім саласында ғана емес, денсаулық, әлеуметтік салада көмек көрсетіледі. Сондықтан бұл балаларға мемлекеттік қызмет тиімді, жақын болуы маңызды. Мысалы, білім саласын алсақ, түзету кабинеттері жетіспейді. ППК-ны (педагогикалық-психологиялық кабинет) жергілікті атқарушы органдары ашып жатыр. Бірақ әлі де, әсіресе ауылдық жерлерде жоқ. Сол себепті биыл заң аясында көптеген қаладағы жекеменшік кабинеттерде мемлекеттік тапсырыс орналастыру бойынша жергілікті атқарушы органдарға мүмкіндік берілген, - дейді Кудеринова.

Енді министрлік осы заң аясында орталықпен бірлесіп, мемлекеттік тапсырысты орналастырудың тәсілдерін әзірлеп жатыр.

Мемлекеттік түзету кабинеттерінде бір балаға қаржыландыру шамамен 19-23 мың теңге. Бұл балалар үшін көмек болмақ. Себебі кейде түзету кабинеттердің кезегінде тұрып, оған қолдары жете алмайтын балалар да бар. Олар әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында кездеседі, - деп толықтырды маман.

Орталық директоры мемлекеттік түзету кабинеттеріне кезекке қалай тіркелуге болатынын айтып берді.

Түзету кабинеттеріне тіркелу цифрландырылған. Алдымен психологтық-педагогикалық-медициналық кеңеске барып, тіркелу қажет. Олар түзету кабинеттеріне жолдама береді. Сол құжатты азамат eGov арқылы тіркеп, жақын жерде орналасқан түзету кабинеттеріне құжаттарын жібереді. Бұл қызметке тегін тіркелуге мүмкіндік бар, - деп айтты Әйгерім Кудеринова.

Қазіргі күні мемлекеттік түзету кабинеттеріне республика бойынша шамамен 23 мың бала кезекте тұр.

Бала түзету кабинетіне тек бір күн ғана келіп қоймайды. Балаға 3 айдан бір жылға дейін көмек көрсетіледі. Әр балаға қажеттілігіне орай көмек беріледі. Кейін тағы жалғастыру қажет болса, оған да мүмкіндік бар, - деп айтты орталық басшысы.

Еске сала кетейік, биыл «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заңға өзгерістер енгізілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы