Инфляция бұрын соңды болмаған көрсеткішке жетті – министр

12 Мамыр 2022, 12:00
1299
Бөлісу:
Инфляция бұрын соңды болмаған көрсеткішке жетті  – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет кулуарында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров азық-түлік бағасының өсуіне қатысты пікір білдірді.

Бұл әлемдік үрдіс, соңғы 12 айда әлемде баға 36 пайызға өсіп, рекордтық инфляция орынап отыр. Мәселен, АҚШ-та инфляция 8 пайыздан асып кетті. Бұл да олар үшін үлкен рекорд. Германияда, Ресейде, Өзбекстанда рекордтар тіркелді. Қазақстанда да рекорд үлкен – сәуірдің қорытындысы бойынша кейінгі 6 жылда алғаш рет 13,2 пайыз болып отыр. Азық-түлік инфляциясы жалпы тұтыну бағаларының индексіне қатты әсер етуде, - деді ол.

Ведомства басшысының айтуынша, азық-түлік бағасы карантин кезінде логистикалық тізбектердің үзіліп, кейнігі геосаяси ахуал бұл мәселені ушықтырып жіберген.

Үкімет пен Ұлттық банк тиісті шаралар қабылдап жатыр. Инфляцияны ауыздықтауға арналған шаралар кешені бар. Ұлттық банк ақша-кредит саясатын жүргізсе, Үкімет жедел және жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Ең бастысы азық-түліктің импортын алмастыруды 80 пайыздан 100 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр, - деді Әлібек Қуантыров. 

Сондай-ақ министр  ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 1,9%-ке ұлғайғанын айтты.

Саладағы өндірістің оң өсуі 12 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Ең  төмен  көрсеткіш  Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында байқалуда. 7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белгіленіп отыр, - деді Ұлттық экономика министрі. 

Өзгелердің жаңалығы