Индустриялық мамандықтарды даярлауға бағытталған шығыстарды 8 млрд теңгеге төмендету ұсынылды

17 Қазан 2019, 22:25
1985
Бөлісу:
Индустриялық мамандықтарды даярлауға бағытталған шығыстарды 8 млрд теңгеге төмендету ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістерді қабылдады, деп хабарлады Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Республикалық бюджетке өзгерістер "Нұр-Отан" партиясының сайлауалды бағдарламасының шараларын, мемлекет басшысының "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасының "Нұр-Отан" партиясының XVIII съезінде берілген тапсырмаларын орындау мақсатында, сондай-ақ 2019 жылғы бюджетті атқару аясында дайындалған болатын.

Елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының 2019 жылғы көрсеткіштері биылғы жылғы сәуірде түзетілген болжам деңгейінде сақталған.

Биылғы жылдың басынан бері экономиканың даму қарқыны ескеріле отырып, 2019 жылы ЖІӨ өсімі бұрын бекітілген 3,8% деңгейінде болады деп күтілуде.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің болжамы бойынша жылдық инфляцияның көзделген дәлізі 4,0-6,0% шегінде сақталған.

Нақтылаудың негізгі міндеттері әлеуметтік саладағы кезек күттірмей қаржыландырылатын жекелеген мәселелерді шешу, кейінгі жылдарда экономиканың өсуі үшін қосымша көздер жасау және 2019 жылдың соңына дейін Үкіметтің кезек күттірмейтін міндеттерге арналған резервінің лайықты деңгейін қамтамасыз ету болып табылады.

Осы міндеттерді іске асыру шығыстарды қайта бөлу және 94,9 млрд теңгеге ұлғайта отырып, биылғы жылдың 9 айы ішінде орындалу нәтижелері бойынша түсімдерді түзету арқылы қамтамасыз етілетін болады.

Әлеуметтік сала шығыстары 5,4 трлн теңгені немесе 6,7 млрд теңгеге ұлғаюмен шығыстардың жалпы көлемінің 44,9%-ын құрайды.

Нақты сектор шығыстары 15,6 млрд теңгеге ұлғайтылған және 2,2 трлн теңгені құрайды.

Жылыту маусымын үздіксіз өткізуді қамтамасыз ету, жылумен жабдықтау объектілерін жылыту кезеңіне дайындау үшін, сондай-ақ басқа да кезек күттірмейтін мәселелерді шешу мақсатында Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резерві 61,8 млрд теңгеге ұлғайтылған.

Сенат басшысы заң жобасын талқылау барысында білім және ғылым министріне орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруды 5,6 млрд теңгеге азайту және «Жас маман» жобасы аясында жаңғыртылған 200 оқу орны базасында сұранысқа ие индустриялық мамандықтар бойынша мамандар даярлауға арналған шығыстарды 8 млрд теңгеге төмендету туралы айтты. 

"Бұл үшін кім жауап береді? 8 млрд теңге босқа кетті. Бұл ақшаға білім беру саласында көп нәрсе жасауға болатын еді", - деді Д.Назарбаева.

Қосымша баяндама жасаған қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина сенаторлар нақты тетіктер мен іске асыру ережелерін қамтитын заңнан кейінгі нормативтік актілерсіз бюджет жобасына жаңа бастамалар енгізуге тыйым салатын өзгерістерді Бюджет кодексіне енгізуді ұсынып отырғанын атап өтті.

"Қаржы ресурстары шектеулі болған жағдайында мемлекеттік қаражат, оның ішінде болашақ ұрпақ қоры – Ұлттық қордан алынған, ал бүгінде олардың республикалық бюджеттің барлық кірісінің 29%-ы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларында, ұлттық компаниялар, банк құрылымдары есеп-шоттарында айлар бойы жатады. Олар еліміздің экономикасын дамытуға жұмыс істеуі тиіс", - деді О. Перепечина.

Егжей-тегжейлі талқылаудан кейін депутаттар үш жылдық бюджетке өзгерістерді қабылдады. 

Өзгелердің жаңалығы