Индустрияландыру бағдарламасы аясында 120-дан астам жоба іске қосылады

21 Ақпан 2019, 10:15
1604
Бөлісу:
Индустрияландыру бағдарламасы аясында 120-дан астам жоба іске қосылады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы индустрияландыру бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 120-дан астам жоба іске қосылады. Бұл жөнінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. 


«2019 жылы индустрияландыру бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстанда шамамен 120 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын осы жобалардың арқасында 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Пайдалануға берілетін нысандардың ішінде Қарағанды облысындағы ферросилиций өндірісінің зауыты, Ақтөбе облысындағы керамикалық гранит пен керамикалық тақталар өндірісінің зауыты бар», - деді Қасымбек. 

Министр атап өткендей, индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылған мерзім ішінде 7,9 трлн теңгеге 1 250 астам жоба іске қосылған. Ал 2018 жылы 1,3 трлн теңгеге 100 жоба пайдалануға беріліп, 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. 

ИИДМ басшысы Елбасының тапсырмасына сәйкес елдегі халықтық тұтыну тауарларының өндірісін арттыру қолға алынғанын айтты. 

«Осы мақсатта отандық кәсіпорындарды 600 млрд теңге көлемінде қолжетімді несиелендірудің ерекше талаптары мен механизмдері белгіленіп отыр. Оның 400 млрд теңгесі өңдеуші өнеркәсіпке бағытталады. Қабылданып отырған шаралар қазақстандықтар күн сайын тұтынатын шамамен 250 «халық тауарын» өндіруді арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнеркәсібі мен құрылыс материалдары», - деді министр. 

Ол жаңа қаржыландыру механизмі алдағы жылдары аталған тауарлар бойынша импорт үлесін төмендетуге ықпал ететінін атап өтті. 

Сондай-ақ, министр 2019 жылы елдегі контейнерлік тасымалдау екі есе артатынын айтқан болатын.
Ақмарал ШАҒАТАЙ
Өзгелердің жаңалығы