Индонезияға тікелей рейс ашу үшін келіссөз жүріп жатыр – елші

18 Тамыз 2019, 12:00
4731
Бөлісу:
Индонезияға тікелей рейс ашу үшін келіссөз жүріп жатыр – елші
PHOTO
Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстаннан Индонезияға тікелей әуе рейсі жоқ. Салыстырмалы түрде айтсақ, Өзбекстаннан Джакарта мен Балиге бар. Индонезиялықтар Өзбекстанның Бухара мен Самарқандына қасиетті жер ретінде арнайы келеді. Индонезия елшісі Рахмат Прамоно Түркістан облысына барып, жергілікті әкімдікпен кездескен. Онда индонезиялықтардың Түркістанға қызығушылығы бар екені айтылған. Ал, қазір Қазақстан мен Индонезия арасында рейс ашу келіссөз жүргізу сатысында тұр.

Индонезия биыл тәуелсіздігінің 74 жылдығын тойлап жатыр. Кеше Қазақстандағы Индонезия елшілігінде салтанатты рәсімде мемлекеттік ту көтерілді.

3.jpg

Ақ әскери салтанатты костюм киген жігіттер мемлекеттік туды көтерді.

Индонезияның Қазақстандағы елшісі Рахмат Прамоно мерекелік күннің маңызын атап өтті.

«Индонезия бірнеше жыл бойы Голландияның отарлауында болып, 1945 жылы 17 тамызда тәуелсіздігін алды. Бүгін міне сол тарихи күннің маңыздылығына орай, елшілікте мемлекеттік туымызды көтердік. Индонезияда үлкен мереке», - деді ол.

747.jpg

Дипломат екі ел арасындағы туризм мен мәдение қатынасқа тоқталып, білім алғысы келетін қазақстандықтар үшін Индонезия үкіметінен 3 түрлі стипендиялық бағдарлама бар екенін айтты.

«Екі елдің қатынасының дамуында мәдени шаралардың маңызы зор. Екі мемлекет арасындағы ақпараттың аздығынан біз Нұр-Сұлтанда мәдение орталық аштық. Ол жерде Индонезия тілін, биін, асханасын, музыкасына дәріптейтін түрлі курс бар. Туризм секторына келетін болсақ, қазақстандық туристерге Индонезияның туризмін, сондай-ақ индонезиялықтарға Қазақстанның туристік жерлерін насихаттаймыз. Ал, білім жағына келетін болсақ, Индонезия үкіметі 3 стипендиялық бағдарлама ұсынады. Олардың біріншісі – дормосиства. Бұл бағдарлама жыл ішінде тілді үйренуге арналған. Екінші бағдарлама – BSBI, 3,5 ай ішінде студенттер Индонезияның мәдениеті, музыкасын, биін үйренеді. Үшінші Индонезияның ТОП университеттерінде магистр дәрежесін алуға арналған", - деді Рахмат Прамоно.

7.jpg

Қазір Қазақстан мен Индонезия арасында рейс ашу келіссөз жүргізу сатысында тұр.

«Қазақстаннан Индонезияға тікелей рейс ашылса, қуанатын едік. Бұл біздің елдерімізді жақындата түседі және ақпараттық көп болуына ықпал етеді. Қазір Қазақстан мен Индонезияның әуе тасымалдаушылары – Air Astana мен Garuda компаниясы келіссөз жүргізіп жатыр", - деді дипломат.

10.jpg

Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы едәуір ұлғайған. Былтыр бұл салада 60 млн доллар қамтылса, осы жылдың екі тоқсанында 142 млн долларға жеткен.

"Экономика мен сауда – біз аса мән беретін екі бағыт. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 60 млн доллар болса, биыл жарты жылдың ішінде 142 млн долларды құрады. Екіжақты тауар айналымының өскенін көрсетті, алдағы уақытта бұдан да артады деген ойдамыз. Статистикаға қарасақ, электроника мен химиялық тауарлардың импорт-экспорты жоғарылағанын көрдік», - деді елші журналистерге.

Жоғарыда елші айтқан гранттармен білім алған қазақстандық жастар көп. Солардың бірі - Айнұр Нұрғазина.

20190818_113217.jpg


Фото: Айнұр Нұрғазинаның жеке архивінен

«Нұр-Сұлтандағы Л.Н. Гумелев атындағы университетте туризм мамандығын тәмамдап, Индонезия үкіметінің грантына тапсырып көрдім. Грант бұйырып, Балиде білім алдым. Тілін, мәдениетін үйрендім. Ешқандай қиындық болмады. Мұндай мүмкіндік болғанына қуаныштымын. Грантқа түсу үшін ағылшын тілінің алғашқы деңгейін білуің керек», - деп бөлісті Айнұр Нұрғазина.

Душанбеде Индонезияның елшілігі жоқ болғандықтан, Нұр-Сұлтанға келіп, виза ашатын Тәжікстан жастары да осы арнайы бағдарламамен білім алып қайтқан. Олар елшінің шақыруымен Индонезияның тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шараға қатысты және Индонезиядан алған әсерімен бөлісті.

6.jpg

«Мен әлеуметтік желіден Индонезияның бағдарламалары бар екенін көрдім. Құжаттарымды тапсырдым да, грант ұтып алдым. Біздің елде Индонезия елшілігі жоқ болғандықтан, біз Нұр-Сұлтанға келіп тапсырамыз. Міне, бір жыл бойы Индонезияда болып, тілін үйреніп, мәдениетімен таныстық. Индонезиялықтар – өте қарапайым халық, үнемі көңілді жүреді»,  - деді Зебуниссо Самадова

Индонезия – Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі, екіжақты дипломатиялық қатынас 1993 жылы 2 маусымда орнады. Алғаш болып 2010 жылдың 29 желтоқсанында Индонезия Қазақстандағы елшілігін ашты. Қазақстанның Индонезиядағы елшілігі 2012 жылы тамызында ашылды. 2016 жылдан бері визасыз режим орнады.



Өзгелердің жаңалығы