Індетпен күресуде әскерилердің де үлесі бар

7 Мамыр 2020, 09:30
1855
Бөлісу:
Індетпен күресуде әскерилердің де үлесі бар
Фото: дереккөз

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Подполковник Елжас Еділ – әскерилер әулетінен. Ол өз қатарластары сияқты пандемияға қарсы күресуді әскери міндет деп санайды.

ҚР Қорғаныс министрлігінің Уәлиханов атындағы Кадет корпусы облыс орталығының көшелерінде бір айдан бері дезинфекция жүргізуде.

3 сәуірден бастап Кадет корпусының командасы 2 млн 434 мың шаршы метр аумақты дихлоринмен зарарсыздандырды. Қаладағы "Боровской", "Көктем", "Юбилейный", "Васильков", "Сарыарқа", "Центральный" ықшам аудандары, тұрғын үй массивтері мен Абай, Әуезов, Әуелбеков, Ақан сері, Әшімов, Темірбеков, Ғабдуллин, Сүлейменов, Жүнісов көшелері мен Назарбаев даңғылы толық дезинфекцияланды, - дейді аталған оқу бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Елжас Еділ.

Әскерилерді дезинфекциялық және қорғаныш құралдары, тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етуді Көкшетау қаласының әкімдігі өз мойнына алған.

3-13 сәуір аралығында зарарсыздандыру жұмыстарына кадет корпусының 77 түлегі, кейін кәсіби сержанттар, келісімшартпен келген әскерилер мен офицерлерден құралған 50 адам жұмылдырылды. Қалалық әкімдік қазіргі заманғы құралдармен жабдықтады, - дейді Елжас Еділ.
Кадет корпусына 11 сыныптан кейін оқуға түскендер екі жыл білім алады. Осы уақыт ішінде түлектер әскери ғылымды теория мен тәжірибеде ұштастыра отырып кәсіби-техникалық білім алады. Оқу бітірген әр түлекпен сержанттық құрамның лауазымы қызметінен өту жөнінде келісімшарт жасалып, олар еліміздің әскери бөлімшелеріне таратылады.

Індетпен күресуде әскерилердің де үлесі бар. Қолға алынған дезинфекциялық жұмыстар тегін атқарылады. Біз елімізге адал қызмет
етуге ант бердік. Сол себепті, індетке қарсы күресуді маңызды әскери міндетті орындау деп түсінеміз. Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен әскерилер сыйақыға ие болды. Оларды радиациялық, химиялық және бактериологиялық қорғауға жауапты мамандар өз міндеттерін адал атқаруда, - дейді подполковник.
Елжас Еділ Көкшетауда туып өскен. 1998 жылы Көкшетаудағы қазақ-түрік лицейін бітіріп, ҚР Қарулы күштерінің Әскери академиясына оқуға түскен. Ол уақытының көбін жатақханада жеке құраммен бірге өткізеді.

Бала күнімнен әкем сияқты әскери болуды армандадым. Жаңажылдық ертеңгіліктерде ұшқыш, ғарышкер, солдат болып киінетінмін. Бүгінде өз отбасым бар, олар маған әр кез қолдау көрсетіп келеді. Отан қорғаушылар күні барша әскерилерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, мықты денсаулық, бақыт, табыс тілеймін!-дейді Елжас Еділ.


Өзгелердің жаңалығы