Індетпен күресу әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты

8 Шілде 2020, 22:27
1082
Бөлісу:
Індетпен күресу әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі Мемлекет басшысының үндеуіне қатысты ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова өз пікірін білдірді.

Бұл жалпы әлем бойынша коронавирус тарауының бәсеңдемей отыруына да тікелей байланысты қалыптасқан үрдіс. Бүгінгі таңда жаһандық індетке айналған Covid-19 мамандардың болжамы бойынша әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ. Кейбір елдерде қайта өршу орын алып отыр. Соңғы статистикаға жүгінсек, әлем бойынша вирусқа шалдыққандар саны 12 млн адамға жетіп, қайтыс болғандар саны 540 мың адамнан асты. Қазақстанда да коронавирус бойынша статистика күннен күнге ұлғайып, қоғамның және халықтың зор алаңдаушылығын тудырып отыр. Әр отбасында осы індет салдарынан қайғыға душар болып, жақындарынан айырылу фактілері тіркелуде. Осы орайда Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл өте орынды шешім деп қабылдаймыз. Қаза болғандардың ішінде елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер, асыл азаматтарымыз да бар. Солардың есімін тізіп жазып, есімізде мәңгі ұстайық деген қоғамдық ұсыныстар да құптарлық, – дейді Әсел Назарбетова.

Еліміздегі Covid-19 індетімен күресу шаралары барысында жіберілген кемшіліктердің болғандығын, одан тиісті қорытындылар шығарылатындығын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасырмай, алапат індетпен күрестің жалғаса беретіндігін нық сеніммен айтты.  

Мемлекет тарапынан жасалған індетпен күресу шаралары халықтың асқан жауапкершілігімен ұштасуы қажет екенін соңғы айлардағы тәжірибе анық аңғартып отыр. Жағдайдың ушығуына себеп болған тек тиісті мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген қателіктер ғана емес, халық тарапынан бұл мәселеге немқұрайлы қарап, билікке деген сенімсіздік білдіруінің салдары. Оған қоса ұлттық менталитетке тән ұжымдық психология, туған-туысының қуанышы мен қайғысына міндетті түрде ортақтасу дәл осы жағдайда елімізге кері әсерін беріп отыр. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен жағдайды тұрақтандыру, дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз ету, жедел медициналық көмек беру, қосымша ауруханаларда орындар дайындау сияқты түрлі шаралар қарқынмен жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында беріліп жатқан халыққа түсіндіру жұмыстары да тиісті деңгейде. Дегенмен, бұл індетпен күресу әр адамның жеке жауапкершілігіне, жақындарына, айналасындағыларға қамқорлығына, елдің қайғысынан пайда көру үшін емес, керісінше алғысын алуға ұмтылуына тікелей байланысты, – дейді Әсел Назарбетова.

Өзгелердің жаңалығы