Індетпен күресте дәл қазір керегі - үрейге берілмеу

9 Шілде 2020, 06:27
1523
Бөлісу:
Індетпен күресте дәл қазір керегі - үрейге берілмеу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президен Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі пандемияға байланысты халыққа жариялаған үндеуіне қатысты Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт пікір білдірді.

Наурыз айында жарияланған төтенше жағдай мен алғашқы карантин індетке қарсы шараларды шұғыл қолға алып, шетелдік тәжірибелерді ескеріп, көзге көрінбес жауды сақадай сай отырып қарсы алуға керекті алтын уақыт еді. Өкінішке қарай, бүгінгі жағдай отандық денсаулық сақтау жүйесі берілген уақытты тиімді пайдалана алмағанын көрсетіп отыр. Президент індеттің алғашқы күнінен бастап ең ауыр сценарийге дайын отыруымыз керек демеді ме?! Яғни, бірінші карантиннен кейін халық қауіптің сейілмегенін ескермейтіні, ауруханадағы орындардың жетіспеуі, алып-сатарлардың көбеюі, халықтың психологиялық ауыр жағдайға түсуі, дәрі-дәрмектің жетіспей қалуы, жаңа вирустың емдеу хаттамасы ресми түрде өзгеріп тұрғаны емдік шаралардың бірізділікке бірден түспеуі, халық өздігінен ем іздей бастауы денсаулық жүйесіндегі үйлестіру жұмысының мамандарының алдын ала зерттелетін жұмыстары еді ғой! Жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау мен ынталандыру - менеджердің мызғымайтын төрт қағидаты. Осының барлығына бүгін Президент тиісті бағасын беріп, бұл жағдайдан сабақ аламыз деді. Қаһарына мінген індетпен күресте дәл қазір керегі – үрейге берілмеу! Күресті тоқтатпау! – дейді сенатор.

Шілденің басында саны 400 ғана болған әмбебап мобильді әмбебап топтардың саны ай соңында 3,5 мыңға дейін жеткізіледі. ПТР тест тапсыру орталықтары тәулігіне 40 мыңға дейін сараптама жасайтын болады.

Дәріханаларға парацетамол, антибиотиктер сынды қажетті медикаменттер жеткізіледі. Дәрігерлер ақпараттық жұмысты күшейтетін болады. Індетпен күреске бөлініп жатқан қаражат үздіксіз, жіті бақылауға алынады. Халық қиналып жатқанда есебін түгендеп жанталасқан арсыздардың жолы кесіледі! Қасым-Жомарт Кемелұлы Сабыр Адайдың "Әр қазақ – менің жалғызым" деген бір ауыз сөзімен бүгінде қара жамылған әр қазақтың шаңырағына көңіл айтты. 13 шілдені АЗА ТҰТУ күні деп жариялады. Індетпен күресіп жатқан әрбір жанға күш-қуат бергей Жаратқан! Қара жамылған жұртқа қайғырып көңіл айтамын! Бекем болыңыздар! Барлық сақтық шараларын орындап, абай болайық! – дейді Дана Нұржігіт.

Өзгелердің жаңалығы