Індетке айналған жемқорлықты жоюда азаматтық қоғамның рөлі маңызды - Ахметжанов

22 Қараша 2021, 11:15
1257
Бөлісу:
Індетке айналған жемқорлықты жоюда азаматтық қоғамның рөлі маңызды - Ахметжанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов Қазақстанның X Азаматтық форумының ашылуымен құттықтады.

Айта кетсек, 22-26 қараша аралығында «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы» тақырыбымен Қазақстанның X Азаматтық форумы өтеді.

Форум жұмысы барысында мемлекеттік органдардың басшылары құттықтау сөздерін жолдады.

Құрметті форумға қатысушылар, ең алдымен форумды ұйымдастырған Қазақстанның Азаматтық Альянсына алғысымды білдіремін. Қоғамның індетіне айналған жемқорлықты жоюда азаматтық қоғамның рөлі өте маңызды. Мемлекет басшысы өз жолдауында қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігіне баса назар аударды. Қоғамдық кеңестер туралы заң қабылданды. Олардың құзыреттері айтарлықтай кеңейтілді, - деді Марат Ахметжанов.

Оның сөзінше, заң жобаларын талқылауға, мемлекеттік органдардың басшыларын тыңдауға, мемлекеттік сатып алуды конкурстық комиссиясына қатысуға құқық берілді.

Қоғамдық бақылау туралы заң қабылдау жоспарлануда. Агенттіктің тарапынан да қоғам белсенділерімен қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Солар арқылы жергілікті тұрғындардың үнін естіп, тиісті нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз, - деп түсіндірді агенттік төрағасы.

Ахметжанов форум қатысушыларына сыбайлас жемқорлық сұрақтарына қатысты агенттік әрдайым ашық екенін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы