Індет жұқтырған көкшетаулықпен байланыста болғандардан вирус анықталған жоқ

2 Сәуір 2020, 22:38
1432
Бөлісу:
Індет жұқтырған көкшетаулықпен байланыста болғандардан вирус анықталған жоқ

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирусқа шалдыққан көкшетаулық санитар әйелмен байланыста болған адамдардан алынған талдау теріс нәтижені көрсетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сүлен Ілиясов мәлімдеді.

Бүгінгі дейін өңірде 18 адамның індет жұқтырғаны нақты расталып отыр. 1 дерек Нұр-Сұлтан қаласына берілген. Вирус жұқтырғандармен байланыста болған 203 адамның барлығы тексерілді. Талдау теріс нәтижені көрсетті. Індет анықталған аумақтарда санитарлық зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен тәулікте 89 адам мониторингке алынып, 6 адам провизорлық стационарға, 59 адам карантиндік стационарға, 24 адам үй карантиніне оқшауландырылды. 3 сәуір күні сағат 19.00-ден бастап қауіпті індет тіркелген Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласының аумағына кіруге шектеу қойылады. Қазіргі уақытта блок-бекеттер қою бойынша жұмыстар аяқталуда, - деді Сүлен Ілиясов.

Облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина шетелден келген тұлғалар үшін карантин режиміне өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

Енді қай ел екендігіне қарамастан шет мемлекеттерден оралғандар 2 тәулік стационарда оқшауланады. Суық тию белгілері бар азаматтардан провизорлық стационарда коронавирусқа анализ алынатын болады. Талдау теріс нәтиже көрсеткендер 12 тәулік үй карантинінде бақылауда болады, - деді Айнагүл Мусина.
Өзгелердің жаңалығы